Skip to main content
Отдел культуры, развития языков, физической культуры и спорта Отырарского района
  • Позвоните нам
  • +77712480093
  • Наш адрес
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
11 янв 2024

ҰЛУ ЖЫЛЫ БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?

     Төрт жылда бір келетін «кібісе жыл» осы 2024 жылға тура келеді. Астрологтар мен саясаткерлердің сөзіне сенсек, 2024 жылы да адамзат тарихында елеулі-елеулі оқиғалар орын алады.

     Бұл жыл жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарға басымдық бермек. Технологиялық процестің ілгерілейтіні соншалық, осы жылдан бастап ғарыш туризмі қолға алынады.

     Яғни адамдар Жерді қойып, ғарышқа саяхаттайды. Одан бөлек, әр салада неше түрлі тың жаңалықтарға кезігеміз.

    ҚАҢТАР: Биыл әлемнің 40-тан астам елінде сайлау өтеді. Соның ішінде ең тартысты әрі әлем назарын аударатын сайлаулар қатарында Тайвань, Пәкстан, Үндістан, Бангладеш, Индонезия, Мексика, Бельгия, Еуропарламент, АҚШ пен Ресейдегі саяси науқандар бар.

Жыл Бангладеш еліндегі сайлаумен басталмақ. Елді 15 жыл басқарған премьер-министр Шейх Хасинге тықыр таянған сияқты. Ол оппозициялық партияның көшбасшыларын түрмеге жапты. Осыған байланысты елде дүрбелең басталған. Халық қаңтардағы сайлауға бойкот жариялауы да мүмкін.

Тайваньның да саяси өмірі әлем назарында тұр. Қазіргі президент Цай Ивень алдағы сайлауға түсе алмайды. Ол президенттікке екі рет сайланып қойды. Енді Тайваньды жаңа президент басқарады.

Елімізде қаңтар айынан бастап айлық есептік көрсеткіш өседі. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік өміріндегі ең айрықша жаңалық – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бастау алмақ.

     АҚПАН: Жылдың алғашқы айларында әлем саясаткерлерінің назары Азия құрлығына ауады. Өйткені, Бангладеш пен Тайвань елінен кейін президент сайлауының эстафетасын Пәкістан мен Индонезия алады.

Былтыр көктемде Пәкстан парламенті премьер-министр Имран Ханның орнынан кетуін талап еткен болатын. Ал, Хан креслосын босатудың орнына елде бүлік жасап, ақыр соңында түрмеге жабылды. Алғашқыда пара алды деген айыппен тұтқындалған Имран Ханға кейіннен мемлекеттік құпияны ашты деген айып тағылды. Қалай болғанда да енді 230 миллион халқы бар, ядролық қаруға ие Пәкістанды жаңа президент басқарады.

     НАУРЫЗ: Көктемде әлем халқының назары Ресейге ауады. Солтүстіктегі көршімізде наурыз айының 17-жұлдызында президент сайлауы өтпек. Әзірге бұл нақты дата емес. Ауысуы мүмкін.

     СӘУІР: Жылдың ең маңызды астрономиялық оқиғаларының бірі осы сәуірде орын алады. Ай күннің бетін толығымен жауып, күн тұтылады. Алайда, бұл таңғажайып көріністі тек Солтүстік Америка құрлығының тұрғындары ғана көре алады.

Сәуір-мамыр айларында Үндістанда 18-шақырылымдағы парламент сайлауы өтеді. Қазір ел билігінде отырған «Бхарат Джанатия» партиясы мен оның төрағасы Нарендра Моди үшінші сайлау қатарынан жеңіске жетеді деп болжануда. Егер олар басым дауысқа ие болатын болса, елде коалицияны қайта құрудың қажеті болмайды.

     Ал, елімізде сәуір айында белгілі ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы атап өтіледі.

     МАМЫР: Еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Осы кезең барысында ұйымға мүше мемлекеттер ғалымдарының қатысуымен Түркістанда «Алтын Орда және оның мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізу көзделген. Әзірге уақыты белгісіз. Шамамен ол осы мамыр-маусым айларында өтуі мүмкін.

     МАУСЫМ: Жаздың алғашқы айында әлем назары Еуропаға ауады. Маусым айының басында Еуроодақтың 27 мемлекетінде Еуропарламент сайлауы өтеді. Олар 2024-2029 жылдар аралағында Еуропарламентте отыратын депутаттарды сайламақ. Сайлаудан кейін әлемнің футболсүйер қауымы Германияға көз тігеді. Неміс жерінде Еуро-2024 турнирі өз жалауын көтереді. Футбол додасы 14 маусым мен 14 шілде аралығына жоспарланған.

Маусым айында қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады.

     ШІЛДЕ: Германияға футбол тойына келген жанкүйерлер Еуропадан ұзамай-ақ қойса болады. Өйткені, Берлиндегі Еуропа чемпионатының финалынан 10 күн өткен соң Парижде кезекті жазғы Олимпиада ойындары алауы жағылады. Төртжылдықтың ең басты спорт додасы 26 шілдеде басталып, 14 тамызға дейін жалғасады.

    ТАМЫЗ: Бұл айда елімізде пилоттық режимде ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалалар мен ауылдардағы ауыл шаруашылығы кәсіп-

орындары, шаруа, фермер қожалықтары, жеке қосалқы шаруашылықтар, сондай-ақ, бау-бақша және саяжай кооперативтерінің толық санағы өткізіледі.

      ҚЫРКҮЙЕК: Жылдың ең басты жаңалықтарының бірі Илон Масктың «Неуролинк» компаниясының адамның миына микрочип орнатуы болмақ. Компания мұндай күрделі әрі қауіпті операцияға рұқсатты бірден ала алған жоқ. Микрочиптің ғалымдар күткендей жұмыс істеуі үшін адамның басына мыңға жуық электродтар орнату керек. Операция сәтті аяқталса, адамның миы компьютерден сигнал ала алады.

Астана қаласы алғаш рет түркі халықтарының басын біріктіретін ірі спорттық іс-шараны өткізеді. Бұған дейін 2022 жылы Түркиядағы ойындарда 100-ге жуық елден 3 мыңдай спортшы жүлдеге таласқан еді.

Осы қыркүйек айында Ташкент қаласында футзалдан әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы – жарыстың басты фавориттерінің қатарында.

      ҚАЗАН: Қазанда елімізде белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың, сатирик Шона Смаханұлының, Рейхстагқа ту тіккен ұлт батыры Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады.

      ҚАРАША: Бұл айда адамзат тарихындағы ең елеулі оқиғалар орын алады деп күтілуде. Америкалық «Орион» ғарыш кемесі арқылы 4 ғарышкер Айды бетке алмақ. Бірақ, олар Айға қонбайды. Айға адам қондыру 2025 жылға жоспарланған.

Әлем назарын аудартатын тағы бір оқиға – АҚШ-та қараша айының басында президент сайлауы өтеді. 5 қарашада АҚШ тарихындағы 60-шы президент сайлауы өтпек. Қазіргі президент Джо Байден жеңіліп жатса, АҚШ өз тарихындағы 47-ші президентін сайлайды.

Сонымен қатар өңір жұртшылығының сүйікті басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газеті осы айдың 26-шы жұлдызында өзінің 100 жылдық мерейлі мерекесін атап өтеді.

      ЖЕЛТОҚСАН: Жыл соңына қарай Оңтүстік Африка Республикасында президент және парламент сайлаулары өтпек. Қазірдің өзінде мұнда оппозициялық 7 партия сайлауға қатысуға ниет білдіріп отыр.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

//Оңтүстік Қазақстан.- 2024.- 6 қаңтар.- 8бет.