Туған жер бағдарламасы Елді мекендер тарихы Сағымы жалғасқан бұлты мен көктегі, Отырар мен үшін сағыныш көктемі. Әлемнің жартысын аралап шықсамда, Шәуілдір, өзіңе ешбір жер жетпейді. Қадыр Мырза Әлі Алғы сөз Қазақ жері кең байтақ, ұлан ғайыр. Оның бір ғажайып мекені – Отырар өңірі. Тарихи ғылыми деректерге көз жүгіртсек, Отырар жері бақ қонып, Қызыр дарыған киелі жер.Қойны қазынаға толған бұл қасиетті өңір елім деп еңіреген талай батырлар, сөзден түйін түйген небір шешендер, дүлділ ақындар, әсем әуенді әншілер мен күйшілер, сан түрлі өнер иелері мен қоғам қайраткерлерімен әйгілі. Отырар – әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар тарихта “Отырар өркениеті” деген атпен қалды. Отырар өңірі, бағзы заманнан адамзатқа мекен болып келе жатқан киелі өлке. Бұл өлкенің бір - бірімен сабақтасып жатқан ғажайып тарихы бар .Отырардың томпиып жатқан топырағын түртіп қалсаң шерлі шежіре болып боздап жөнеледі. Елді мекендер тарихы – деп аталатын бұл кітапшада ғасырлардан халқымыздың талып жеткен тарихи үні баяндалады. Өткен тарихымызды тағы бір зерделеп, жеткен жетістіктерімізді дәріптеп, зор қуанышпен айта аламыз.Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің, Елбасымыздың дана саясатының нәрлі жемісі деп білеміз 1. Шәуілдір ауылдық округі Шәуілдір елді мекеніЖаңа дәуір тарихы – Шәуілдір өңірін суландырудан бастады. Көшпелі халықты канал қазуға жұмылдырған елді бір жерге шоғырландыруға игі ықпал жасап, басы- қасында жүрген ардагер - елдің азаматы Дүйсенбай Алтынбеков болды. 1930 жылы Ұлы октябрь революциясының 13 жылдық тойынан кейін, яғни қарашаның 8 күні түс ауа канал қазу, өзенді бөгеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға басшылық еткен инженер Меррев, жер инженері Девяткин мен десятник Павловтың сіңірген еңбегін көне көз қарттар әлі күнге дейін аузынан тастамайды. Сөйтіп Шәуілдір өңіріндегі алғашқы колхозға ұйымдасу кезеңі басталды. Оңтүстік Қазақстан облстық партия комитетінің 1934 жылға 27 желтоқсандағы №106 бюро қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданды. 1935 жылдың 9 қаңтары күні Қазақ автономиялық Республикасы Атқару Комитетінің шешімі бойынша Шәуілдір Түркістан ауданынан бөлініп өз алдына отау тікті. Ауданда Партбюро құрылып, оның құрамына аупартком хатшысы Нығмет Жалелов, ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков енгізілді. Шәуілдір аудандық ұйымдастыру бюросының 1935 жылғы 22 наурыздағы № 3 қаулысымен С.Боранбаев аудандық газеттің редакторы болып бекітілді. Газетті «Социалистік Шәуілдір» деп атау жөінде шешім қабылданды. Осы шақтарда Отырар өңіріне кеңестік білім беру мен дәрігерлік көмек келе бастады. Ауданда тұңғыш бастауыш мектеп 1926 жылы Темір станциясында ашылды. Онда алғашқы ұстаз – Бегім Басов болды. Ауданның орталық ауруханасы 1935 жылы ашылды. Оның алғашқы бас дәрігері Н.Сергеева, кейіннен 1936 жылы көрнекті ғалым Естөре Оразақов болды. 1935 жылы ауданда мақтадан бүкіл одақтық көлемде рекорттық өнім алынды. Мұнымен қатар ауданға жас ақын Асқар Тоқмағанбетов көшіп келді. Асқардың Шәуілдір халқаның өмірінен жазған романы бар. Ақын Ғали Орманов «Шәуілдір» деген поэма жазды. Ұлы Отан соғысы кезінде 3371 Отырарлықтар майданға аттанды. Соғыс жылдарында «Ақтөбе» колхозында тұрған атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз майданға 100 мың сом қаржы жөнелтіп, Амангелді Иманов атындағы соғыс ұшағын жасатты. Соғыс жылдарында Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимов Кеңестер Одағының Батыры атанды. 1946 жылы ауданда мәдениет бөлімі ашылып, оның алғашқы меңгерушісі Рысқұл Қасымбеков болды. Қазір 1 мәдениет сарайы, 4 мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб, 25 кітапхана халыққа қызмет етуде. 1963 жылы Шәуілдір ауданының негізінде Қызылқұм ауданы ұйымдастырылды. Аудандық газет «Қызылқұм» деген атпен шықты. Тәуелсіздіктің арқасында 1991 жылдың 18 қаңтарында Қызылқұм ауданы- Отырар ауданы болып өзгертілді. Аудандық газет «Отырар алқабы» деген атпен шыға бастады. Газеттің өзіндік қайталанбас дәстүрлерін қалыптастыруда және жас тілшілерді тәбиелеуде Сабыр Қамбаров, Тоқтасын Құсмұратов, Әуелхан Есжанов, Сейділдәхан Елбасиев, Икрамхан Бәкіров, Қойшыбай Мамасерік, Оразбай Мұратов сияқты журналистердің еңбегі орасан зор болды. Халық саны – 9496. 2.Қоғам ауылдық округі Қоғам елді мекеніҚоғам ауылы – Отырар қала жұртының оңтүстігінде, Арыстанбаб кесенесінің шығысында егін мал шаруашылығын жүргізуге қолайлы аудан орталығы. Шәуілдірге жақын, «Шәуілдір - Түркістан» тас жол бойына орналасқан ауыл. 1932 жылы «Қоғам» деп аталып, жеке колхоз болды. Алғашқы колхоз бастығы болған Божбанбаев Ысман еді. Кейіннен Айтбаев Момбек, Жабеков Келдебек, Өтеқұлов Әмір, Байырбекова Зұбайра, Атабеков Әкеш, Әбдірайымов Исақұл, Керімшеев Рахымберген,Құманбаев Ескендір, Әшенов Сейіт, Байғабылов Исақұлдар колхозға басшылық жасады. Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігі үшін ауылдың тумасы Әшіров Сейітқасым Кеңес Одағының Батыры атанды. Колхоз кезінде ауыл еңбеккерлері мен басшылары озат көрсеткіштерге жеткені үшін мал шаруашылығынан Пірімқұлов Әбу мен Нарымбетов Қожамұрат Социалистік Еңбек Ері атанды. Қатардағы мақташыдан колхоз бастығы болған Байырбекова Зүбайра «Ленин» орденінің және көптеген мемлекет наградаларының иегері болды. 1932-1933 жылында «Қоғам» бастауыш мектебі ашылған. 1938 жылы 7 жылдық, 1962-1963 оқу жылдарында 8 жылдық мектепке айналып, 1967 жылы «Қоғам» орта мектебі болып ұлғайтылды. Мектеп директорлары: Ержігітов Шардарбек (1932-1943ж.ж)Мырзалиев (1943-1946ж.ж)Сүлейменов Қапшан (1946-1950 ж.ж)Оспанов Айдарша (1951-1959 ж.ж)Наурызбаев Күлсінбай (1956-1957 ж.ж)Әшіров Бейсенбай (1957-1984 ж.ж)Керімбаева Сара (1985-1986 ж.ж)Ерденов Тұрар (1988-1991ж.ж)Сариев Хабибулла (1991-1994 ж.ж)Көлбай Жалғасбай (1994-2005 ж.ж)Әбіш Құнанбай ( 2005-2011 ж.ж) қызмет атқарған. 2011-2012 оқу жылынан бері Серікбаев Ерғали мектеп директоры қызметін атқаруда.2006 жылы Талапты ауыл округінен жеке Қоғам ауыл округі болып бөлініп шықты. Халық саны- 1751. Мыңшұңқыр елді мекені«Мыңшұңқыр» елді мекенінің атауы Арыстың, Сырдарияның тасуы қайтып, кейіннен ол жерлерге су шықпай қалғандығынан пайда болған.Ол жерде «Пышақшы» қару-жарақ қоймасы болған. Пышақтар табылған. Сосын Пышақшы деп кеткен. Судың ескі арналары екі Қандөзге құйып отырған. Ол арналар барып дарияға құяды.Халық отырықшылыққа айналған кезде биік жерлерге орналасқан. 1939 жылы «Қызыл Түркістан» колхозы экономикасының дамуына байланысты колхозды екіге бөлуге тура келді. «Қызыл Түркістан» колхозы құрылғаннан бастап, сол жердегі елді мекендегі отбасыларды көшірместен 4 егіс бригадасы ұйымдасты.1939 жылы колхоздың екіге бөлінуіне байланысты «Мыңшұқыр», «Қызылту» болып аталды. «Қызыл Түркістан» сол атаумен қалып қойды. «Қызыл Түркістанға» Әлшериев Смайыл, «Қызылтуға» Талдыбиев Төле бастық болды. «Қызылту» колхозына Талдыбиев Төледен кейін, Тәліп Ақпанов, Атабеков Әкіш, Әшенов Сейіт бастық болды. 1954 жылы колхоздарды ірілендіруге байланысты «Қоғам» колхозына қосылды. Колхозда 8 бригада жұмыс істеді. 1963 жылы совхоз құрылып, Қызылту колхозын Қоғамға қосып, Қоғам бөлімшесіне қарады. Бөлімше бастығы Атанбеков Әкіш болды. С.М Киров бастауыш мектебі Шәуілдір селосына қарасты Қызылтүркістан колхозында 1934 жылы ашылған.1936 жылы Мыңшұңқыр елді мекеніне көшіп келді. 1941 жылы бұл жер Қызылту участігі болып аталады. 1936-1937 жылы оқу жылында мектеп директоры Палымбетова деген кісі болды. 1937-38 жылдары Биімбетов Аман қызмет атқарды. Қазіргі таңда бұл ауылда бір мед пункт, бір кітапхана қызмет көрсетеді. Халық саны-678. Талапты елді мекені1932 жылғы көктемде ауылға су келіп, егіс егу басталды.Осы жылы ауыл «Талапты» колхозы болып аталып, алғашқы төрағасы болып Жиренбаев Сырайыл, орынбасарлығына Дүйсебаев Байгенже сайланды. Халықты он бригадаға бөліп, егіс егу басталды. Сонымен бірге мал шаруашылығын ұйымдастыру жұмысы жүріп жатты. Ең алғашқы уақ малды Жиренбаев Шегебай, Тәйтен деген кісілер бақса, алғашқы жылқыны Нұрлыбек Әлжанов, Нұрымшан Тасболатов деген кісілер,түйені Иманбердиев Мұстафа баққан. 1932 жылы көктемде ауылдан механизаторлық оқуға бір топ жастар аттанды.Сол жылы күзде алғашқы тракторлар келе бастады. Әсет Мырзанов, Темірхан Дойрашов, ағайынды Жұмаш, Шаншархан Түменбаевтар,Қынабай Дүйсенов сияқты кісілер алғаш келген трактор рөліне отырып, алғашқы бороздаларды тартып еді. Кейін бұл кісілер ауыл шаруашылығының түрлі саласында абыроймен қызмет істеп, алды еңбек Ері атанып, аяғы үкімет наградаларымен марапатталып, жақсы атақтарымен бұл дүниеден өтіп кетті. Алғашқы автомашина жүргізушілері Қосжібеков Кенжебек, Түменбаев Сейдазым, Қасымбеков Өмірәлі, Мештай деген кісілер 1,5 тонналық (полуторка) дейтін машиналарды жүргізіп, колхозға өз үлестерін қосқан еді. 1936 жылы ескі поселкеден «Талапты» колхозы қазіргі тұрған жеріне көшірілді. Жаңа қонысқа келген жылы мақтадан 18-20 центнерден өнім алынып, «Талапты» колхозының аты Мәскеуде көрмеде күміс медаль алып,ескерткіш кітапта аты жазылды. 1957 жылы колхоз совхозға айналғанға дейін «Талапты» колхозының тізгінін мыны кісілер ұстаған: Жиренбаев Сырайыл, Дүйсенбаев Байгенже, Шораев Оспан, соғыс жылдары Жалмырзаев Дәулет, соғыстан кейін Мырзагелдиев Жұмаш,Құдайбергенов Ескендір,Қайназаров Қалкөз, Жүсіпбаев Қалдыбай, Бұйрабаев Бәкірамбек, Мәмбетәлиев Есенхан, Егембердиев Тұрғанбайлар осы елді басқарды. Халық саны - 1350. 3.Талапты ауыл округі Ынталы елді мекені Ынталы халқы 30-шы жылдарға дейін Сырдарияның батыс жағындағы қазіргі Көлқұдық пен Балтакөл елді мекенінде қоныстанған. Ынталы колхозы 1927-28 жылдары құрылды. 1929 жылдан бастап Арыс өзені бөгеліп, содан канал қазылды. 1930- 1932 жылдары елде жаппай ұйымдастыру науқаны басталды. Осы кезден бастап ауыл тұрғындары Сырдарияның батыс жақ бетінен, шығыс жақ бетіне, яғни қазіргі ата қонысқа келіп тұрақтаған. Колхоз кезінде ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысты. Ынталы колхозы ұйымдасқаннан кейін, колхозға басқарма болып Мырзагелдиев Мырзаш председатель болып тағайындалды. Сол кезде партия комитетінің секретары Колхозов Сиқымбай болды. 1931-1932 жылдары колхоз бастығы болып Тасыбаев Нұрыш тағайындалды. 1935 жылға дейін Тасыбаев Нұрыш ауыл шаруашылығы институтына оқуға кетті. Ал оның орнына Айтбаев Мәненбай колхоз председателі болып тағайындалды. 1936 жылы мақта өсіруден «Дүниежүзілік рекорд» жасаған. Ынталы колхозының басшылығы сол кездегі басқару орталығы Мәскеу қаласына барып еңбек наградаларымен марапатталған. Ынталы колхозының игі істерін өз көздерімен көріп кетуге Ташкенттегі жоғарғы басшылардың бірі Ақын Бабаев бастаған бір топ делегаттары келген. Колхоз басшылығының бұл іскерлігін жақсы бағалаған Ақын Бабаев қазіргі аудан орталығындағы екі қабатты Жамбыл орта мектебінің ірге тасын қалауға қаржы бөлген. Колхозды ірілендіру жөніндегі колхоздарды совхоздарға айналдыру бойынша, Ынталы колхозы 1957 жылдың қаңтарында совхоз бірлестігіне көшті. Бұл тұстары совхоз бригадирі болып Қаппар Әжімұратов, Сейілхан Халықов тағы басқалар қызмет атқарған.Халық саны - 893. Көкмардан елді мекеніКөкмардан – Отырар ауданындағы ауыл, Талапты ауылдық округінің орталығы, аудан орталығы Шәуілдірден оңтүстік- батысқа қарай 4 км жерде, Арыс өзенінің сол жағалауында .Көкмардан – Отырар өңірінде 1-7 ғасырларда болған қала орны. Арыс өзенінің сол жағасында, Көкмардан жайлауында орналасқан. Отырар жазығындағы орта ғасырлық қалалардың ең ірілерінің бірі. Іргесі 1963 жылы осы өңірде етті- сүтті мал өсіруге маманданған Көкмардан ұжымшыларының құрылуына сәйкес қаланған. Ұжымшар кейіннен (1982) КСРО- ның 60 жылдығы атындағы кеңшар болып өзгертілді. 1993 жылы «Көкмардан» Қауымдастығы болып қайта құрылды. Ауылда орта мектеп, кітапхана бар. Халық саны - 2614. Сарыкөл елді мекеніСарыкөл - көл атауы. «Талапты» ауылдық округі аумағында. Сырдарияның оң жағалық аңғарында орналасқан.Ұзындығы 4 км-ге, ені 1,2 км, терең жері 8 м жетеді. Сарыкөл ауылында 1972-73 жылдары Сырдариядан арнайы канал қазылып жасанды көлшіктер дайындалды.1976 жылдан бастап бұл жер «Сарыкөл тоғанды балық шаруашылығы» деп атала бастады. Балық заводының тұңғыш басшысы Т.Досбердиев болды. Одан кейін Алматыдан Ж. Абилов келіп басшы болды. Одан кейін Ю. И. Югай, С. Иманқұлов,Т. Мүлкібаев, С. Махамбетов, А.Бекмұрзаев, Б.Ахаев, Қ.Биболатов, Қ.Диханбаев, М.Қаратаев, С.Кішібаев басшы болды. Заводта Ж.Рүстеміова- бригадир, 2 рет аудандық, 1 рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. 1975 жылы екі пәтерлік үйлер салынып беріле бастады. 2 жылдық бастауыш «Прудхоз» мектебі, жұмысшылар жатақханасы, клуб, баня, кітапхана, балалар бақшасы салына бастады. Осы жылдары заводта алғашқы келгендердің бірі Р.Қалмұратова - іс-жүргізуші, О.Сарсенбаев- «тірі балық» көлігін жүргізуші, Д. Балхашов- зав. склад, балықшы, моторист, О. Ермашов- бас прораб, Ж. Әбуов – гидротехник болып жұмыс атқарды. Бас балықшылар М. Найманбаев, Ә. Ахметов, жұмысшылар Т.Тұрғанов, М. Панамарчук,Б. Сұлтанқұлов, Ұ.Әбілдаев, Д. Бекетов, М.Иманқұлов, К.Көлбаев т.б 1995 жылы балық өсіретін тоғандар саны азайып, ауыл шаруашылық өнімдері өндіріле бастады. Алғашқы жылдары жақсы өнім берген тоғандар кейін біртіндеп тоқтай бастады. Нарық кезеңі ол жылдары өнім өндіріп азық алуға кедергі болды. 1998 жылы мұндағы балық шаруашылығы тоқтады. Сонымен бірге үлкен насос та тоқтады. Су жоқ жерде өнім де болған жоқ. 2000 жылы Сарыкөлді арендаға кәсіпкер Жүсіпбаев Үмбет алып мақта егіп екі-үш жыл ауылға жұмыс болды. Кейін олда тарқады.Халық саны- 508. Шытты елді мекені Шытты ауылы батысында Сырдария өзенімен, ал шығысында Арыс өзенімен шектеседі. Шытты географиялық тұрғыдан алғанда өте тиімді жерде орналасқан. Алғаш «Қаратоған» колхозы құрылып, колхоз бастығы Қалменов Бижігіт болған. Ол 1910 жылы дүниеге келген. 1939 жылы фин соғысына аттанып, офицер болып әскери қызметте қалады. Екінші дүние жүзілік соғыс басталған сәттен майданға араласып, 1942 жылы ұрыс даласында қаза табады. Кейін «Кеңес» колхозы болып қайта құрылуында Әлішов Асан колхоз бастығы болып тағайындалған. 1945 жылдан кейін колхоз бастығы болып Бөлекбаев Бердіқұл, Ерқожаев Бабахан сияқты кісілер қызмет етті. 1957 жылы іріленіп Арыс совхозы болып қайта құрылғанда алғашқы директор Қамбаров Данияр болды. Кейінгі жылдары Әжібеков Мұсабек, Ахметов Шади директор болып қызмет етті. Халық саны - 1686. 4.Қарғалы ауылдық округі Қарғалы елді мекені«Қарғалы» ауылының тарихы 1931 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы Сырдария өзенінің арғы бетінен, қазіргі Маяқұм ауылының «Аққұм» елді мекенінің тұрғындары Мыңшұқыр елді мекеніндегі Пышақшы төбенің маңайына топтаса бастады. Қысқа қарай әкелінген алғашқы отбасылар жер кепелер мен киіз үйлерде қыстап шығады. 1931 жылы алаштың ардақты ұлы ауданымыздың негізін қалаушы Дүйсенбай Алтынбековтың басшылығымен Арыс өзеніне бөгет салынып, қазіргі «Дүйсенбай Алтынбеков» каналының қазылуына байланысты алғашқы 5 колхоз ұйымдастырылады. Соның натижесінде 1932 жылы жоғарыда аталған Маяқұм ауылынан көшіріліп әкелінген адамдардан «Қарғалы» колхозы құрылды. Алғашқы колхоз бастығы болып Тасболат Байкенжеев сайланады. 1932 жылдың көктемінен бастап мақта, бидай егіліп, мал шаруашылығы жолға қойылды. 1935 жылдың соңында колхоз төрағасы болып Пернебай деген азамат тағайындалады. 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде көптеген азаматтар майданға аттанды. Солардың ішінде 50-ден астам боздақ майдан даласынан оралмады. Қарғалы ауылында тұңғыш рет 1932-33 оқу жылында балаларды оқыту басталды.Мектептің алғашқы ұстазы әрі меңгерушісі Әбен атты азамат болған. 1933 жылы мектеп «Қарғалы» бастауыш мектебі деп аталған.1937-38 оқу жылында «Байылдыр» бастауыш мектебі болып аталады. 1965-66 оқу жылында Саттар Ерубаев атындағы орталау мектебі, 1991-92 жылы Саттар Ерубаев атындағы орта мектеп болды. Халық саны - 852. Отырар елді мекені1930 жылы Отырар ауылының құрылуы Шәуілдір өңірін суландырудан басталды. 1931 жылы сәуір айында Отырар колхозы қауымдасты.Орналасқан жері қазіргі Кәсіптік-техникалық мектеп маңында болды. Тұңғыш колхоз бастығы болып Сман Божбанбайұлы тағайындалды. 1935-1955 жылдары Отырар колхозын Аймен Әуез басқарды. 1937 жылы колхоз 480 гектар мақта егіп, әр гектарынан 28 центнерден өнім алып «Ең озат колхоз» атанды. 1945 жылы жаңа жерлерді игеру мақсатында аудан орталығынан 15 км қашықтықта орналасқан қазіргі Отырар жеріне келіп орналасқан. 1955-57 жылдары колхозды Досанов Кішмат басқарды. 1958 жылы колхоздардың совхозға өтуіне байланысты Отырар ауылы Арыс совхозының «Отырар» бөлімшесі болып қалды.Отырар бөлімшесін басқарғандар: 1958-66 жылдары Бөлекбаев Бердіқұл 1966-76 жылдары Жүсіпбаев Әбілда1976-78 жылдары Әлімбеков Шерехан 1978-82 жылдары Жүсіпбаев Әбілда 1982-83 жылдары Жаппарбеков Батырхан 1983-84 жылдары Мырзахметов Сұлтан 1984-86 жылдары Бесеубай Ақылхан 1981-91 жылдары Әбілдаев Кенжеғұл 1991 жылдан Әуез өндірістік кооперативі болып құрылып, Отырар ауыл әкімшілігіне қарасты Отырар ауылы болып қалды.Халық саны - 628. 5.Темір ауылдық округі Темір елді мекеніТемір ауылы туралы ерте заманғы деректер өте сирек. Темір ауылының терістік беткейіндегі Қыркескен (Қарауыл төбе) төбешігін жерлесіміз Отырар археологиялық музейінің негізін қалаушы Асантай Әлімов оқушылармен археологиялық жұмыс жүргізгенде моншақ, шаш түйрегіш, екі басты жылан бейнелі білезік, жүзік, құмыра т.б тауып алады. Темір ауылы тарихта үлкен шаһар болмаған соң көп айтылмайды.Ауыл атының шығу тарихы туралы қызық әңгіме айтылып келеді. Таяу және Орта Азия Үндістан мен Ауғаныстан , Орта Азия мен Қазақстан тарихында елеулі із қалдырған, 36 жыл ел билеген Әмір Темір (1934-1405) раджаб (қаңтар) айының 12-де Қытайға аттанып бара жатқан жолда Отырарға аялдап, қатты ауырып, осы маңда Кесік деген жерде қайтыс болады. Сол себептен Темір ауылының осылай аталуының сыры осында шығар. Түркістан –Сібір темір жолының патшалы Ресей кезінде салына бастауы қазақ жеріне оң өзгерістер әкеле бастады. Темір ауылына 1901 жылы темір жол тартылып, паравоздарға су беру,айдау мұнарасына құбыр тартылды. Бұл су құбырын халық Николай құбыры деп атайды. 1904 жылы алғашқы паравоз осы стансадан өткен. Сол кезден бастап Темір станцасының ролі арта түсті. Алғашқы теміржолшы болып Әлшері Смайлов істеген. 1935 жылы аудан орталығы алғаш Темір станциясында, яғни аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нығмет Жалеловтың кеңсесі Әбдірахман дегеннің қазақы қоржын тамының бір жағына орналасқан. 1932 жылы алғашқы колхоздар ұйымдастырылып,Темір станциасынан машиналар мен тракторлар станциясы (МТС) ашылды. Түркістанның алғашқы механизаторлары Досжан Керімбай, Жұматаев Төрегелді, Әбуов Төлеген, Кешубаев Орынбек трактор айдап келді. Бүкіл ауданның техникасы осы жерде жөнделді. Егін шаруашылығы негізінен мақта болды. Осыған байланысты Темір ауылында мақта дайындау пункті ашылып, жұмыс істеді. Темір жол аудан өнімін сыртқа жіберу, жүк түсіру жұмыстары осы ауылда атқарылды. Мұнда КСРО кезінде «Ауыл шаруашылық техникалары», совхоздармен басқа мекемелердің базалары,аудандық тұтынушылар қоғамы, жолаушылар тасымалдау мекемесі, астық қабылдау кәсіпорны, ауыл шаруашылық химиясы- мекемелері жұмыс істеді.Халық саны - 4382 Ақшоқат елді мекеніАқшоқат ауылы Темір ауылдық округі құрамында.Округ орталығы – Темір ауылынан солтүстік – батысқа қарай 9 км жерде, Түркістан- Арыс тас жолының бойында , қуаң далада орналасқан. Іргесі 20 ғасырдың басында Орынбор – Ташкент темір жолын салуға байланысты қаланған. Халық саны – 99. Ұзынқұдық елді мекеніҰзынқұдық –Темір ауылдық округі аумағындағы ауыл. Темір ауылынан солтүстік батысқа қарай 19 км жерде, Орынбор – Ташкент темір жолы бойында орналасқан. Ұзынқұдықта жолға қызмет көрсететін кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс істейді. Халық саны – 18. 6. Көксарай ауылдық округі Көксарай елді мекеніКөксарай атауының шығу тарихы, Сырдария өзенінің сол жағалы аңғарында 7 км жерінде шағын тұщы көлдің атауы. Көксарай ауыл округі 1934 жылы құрылған. 1940 жылы Ақынтоғай, 1994 жылдан бері Көксарай ауыл округі деп аталады. 1935 жылдың қаңтарында Бүкілодақтық атқару комитетінің шешімі бойынша Шәуілдір Түркістан ауданынан бөлініп, өз алдына отау тікті. 1937 жылға дейін Көксарай советінің қамтуында «Орта арық», «Сулы арық», «Жарты төбе», «Шеңгелді», «Ызакөл» колхоздары болды. 1940 жылы бесколхоз бен бірнеше елді мекендердің басын қосып, «Шәуілдір» совхозы құрылды. Совхоз директоры Қалкенов, бас зоотехнигі Шевелев, бас мал дәрігер Қалжанов, бас бухалтері Қолдасов деген азаматтар болған. 1950 жылы совхоз орталығын мәдениеттендіру бағытында көп жұмыстар жасалынды. 18 киловаттық электр станциясы іске қосылды. Шаруашылықта сол кезде 1 жеті жылдық, екі бастауыш мектеп болды. №1 ферманың шопандары Өтетілеуов, Ералиев, Есмырзаев әр жүз қойдан 139 төл өргізіп, мал басын аман сақтауда жақсы көрсеткіштерге жетті.Көксарай ауылында туып өскен, елге еңбегі сіңген азаматтар.Ақшораев Жүсіп ( 4.11.1960)Ахметов Серік (4.05 1962)Білалов Құдияр (19.04.1959)Жүнісов Сейітқамал (20.11.1936)Қалыбекова Әселхан (2.04. 1950)Пошымов Талғат (20.07. 1962)Халық саны - 397. Жанкел елді мекеніЖанкел ауылы Көксарай ауылдық округі құрамында. Округ орталығы – Көксарай ауылынан оңтүстікке қарай 15 км жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында, солтүстік батыс жағалауында, қамыс, құрақ аралас әр түрлі астық тұқымдас шөптесін өскен сұр, шалғынды сұр топырақты жазықта орналасқан. Ауыл 1940-96 ж қаракөл қойын өсіретін «Шәуілдір» кеңшарының бөлімшесі болған. Кеңшар негізінде ауылда бірнеше агроқұрылым жұмыс істейді. Жанкел арқылы Түркістан - Шардара автомобиль магистралі өтеді. Халық саны - 190 Ызакөл елді мекеніЫзакөл- Көксарай ауылдық округіне қарасты ауыл. Округ орталығы Көксарай ауылынан оңтүстікке қарай 22 км жерде, Сырдарияның оң жағалық аңғарында қамыс, құрақ аралас астық тұқымдас шөптесіндер өскен қуаң жазықта орналасқан. Ауыл 1940-96 ж қаракөл қойын өсіретін «Шәуілдір» кеңшарының бөлімшесі болған. Бөлімше негізінде Ызакөлде агро құрылымдар жұмыс істейді. Ауылдың батысында 1 км жерде Сырдария өзені ағып жатыр. Ызакөл арқылы Түркістан – Сарағаш және Түркістан – Шардара автомобиль жолы өтеді. Халық саны - 270. Шеңгелді елді мекеніШеңгелді – Көксарай ауылдық округіне қарасты ауыл. Округ орталығы Көксарай ауылынан солтүстікке қарай 11 км жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында қамыс, құрақ аралас астық тұқымдас шөптесін өскен қуаң жазықта орналасқан. Ауыл 1940-96 ж қаракөл қойын өсіретін «Шәуілдір» кеңшарының бөлімшесі болған. Бөлімше негізінде Шеңгелдіде агро құрылымдар жұмыс істейді. Ауылдың шығысында 700 м жерде Сырдария өзені ағып жатыр. Ауыл маңынан Түркістан – Шардара автомобиль жолы өтеді. Халық саны - 620. 7. Маяқұм ауылдық округі Маяқұм елді мекеніМаяқұм ауылының тарихы тіпті ертеден басталады. Тектұрмас елдімекенінің аумағында Отырар өркениетімен бірге өрбіген «Оқсыз», «Тектұрмас», «Рабат», «Ақжар», «Ақтөбе», «Төрткөл», «Сумағар» атты орта ғасырлық тарихи кент орындары болып есептелетін төбелер бар. Соның ішінде «Оқсыз» әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туылған қаласы болып саналады. Қазақ мәдениетінің аса көрнекті қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков те осы топырақтың тумасы. 1929 жылы Сырдария өзенінің шығысындағы Алтынтөбе маңында ТОЗ (товарищество землепользователей) болып құрылған. Серіктестік 1930 жылы Сырдария өзенінің батыс бөлігіндегі «Оқсыз» төбенің түбіне көшіп келеді. Сырдарияның суы ілгеріде арнасынан асып аққан кездерде бұл маңайды тасқын су басып қала бергендіктен, кейін колхоз орталығы қазіргі Маяқұм ауылының орнына көшіп келіп, 1957 жылы «Овцевод» совхозы болып қайта құрылды. Маяқұм ауылдық кеңесі болып 1961 жылы аталғанға дейін Маяқұм мен көрші Көксарай елді мекендері Ақынтоғай ауылдық кеңесіне қарап келген. 1941 жылы ауылдық кеңестің алғашқы төрағасы Мамықова Нарзан болған. Мал шаруашылығын өркендетудегі жетістіктері үшін 1949 жылы Маяқұмдық Шораев Оспан, Қарамолдаев Мінайдар, Құлымбетов Нұсқабай, Бойтанов Төлеген, Қуатбеков Қайқыбай, Сапақов Күмісбек, Нарымбетов Қожамұрат, барлығы 8 адам, ал 1964 жылы Қыдырбаев Ілияс Социалистік Еңбек Ері атағын иемденді. Ұлы Отан соғысына осы колхоздан 131 азамат майданға аттанып, оның 73-і майдан даласында қаза болып, хабар ошарсыз кетті Ауылдық кеңес төрағалары:Сейтбеков Серім 1929-1941Мамықова Нарзан 1941-1947Досжанов Керімбек 1947-1961Айдарбеков Ермек 1961-1980Ыбыраев Мамырхан 1980-1984Әбсаттаров Тасмаханбет 1984-1988Еркінов Сәрсенбай 1988-1994 Ауыл әкімдері:Әбсаттар Тасмаханбет 1994-2001Қожағұлов Құрманбай 2001 Тәукебаев Жасұзақ (қазіргі әкім)Халық саны - 3281. Қостерек елді мекеніҚостерек елді мекені 1860 жылдардан бастау алады. Ескі аты «Құмкөл» болып аталған. Қазіргі Бестам елді мекенінің алдында үлкен сай, түстік жағы төбешік құмы бар бұрынғы аталуы солай аталған. Қостерек аталуы қазіргі Құба арық деп аталатын каналдың аяғын қазып, Әуелбекұлы Шүңет деп аталатын өзектің сілеміне 9 бәйтерек еккен екен.1939-40 жылдары қазіргі Мақтарал ауданындағы Киров каналының пайдалануына байланысты Сырдың батыс жағындағы колхоздың халқын еріксіз көшірген.Күтімсіз болған соң екі терек қурап 1963 жылы кесіледі. Қостерек аталуы содан басталды.1957 жылдары «Овцевод» совхозы ашылып соның бөлімшесі, қазір үлкен 700-ге жуық халқы бар елді мекен. Өзіндік инфра құрылымы бар,суармалы және жайылымдық жері бар.Төңірегінде «Рабат төбе», «Төрт көл», «Өгіз сай», тарихи орындар елді мекеннің қалыптасқанын білдіреді. Қостерек елді мекеніндегі мектеп 1930 жылдардан басталады. Сол кездегі алғашқы мұғалім Мелдебеков Білдабек.Соғыс және еңбек ардагерлер:Н.Оспанов, Ш.Қонысов, О.Шораев, Б.Қарабаев, Б: Арғынбаев, Р: Арғынбаев т.б. Халық саны-742. Бестам елді мекеніБестам ауылы Маяқұм ауылдық округі құрамында. Округ орталығы – Маяқұм ауылынан оңтүстікке қарай 2,5 км жерде, көкбек, баялыш, бұйырғын т.б шөптесін өскен қуаң далада орналасқан. 1957-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Овцевод» кеңшарының бөлімшесі болған.Кеңшар негізінде Бестамда шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Халық саны - 250. 8. Отырар ауылдық округі Арыс елді мекеніАрыс ауылы Отырар ауылдық округінің орталығы. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылынан оңтүстік – шығысқа қарай 2 км жерде, Арыс өзенінің оң жағасында. 1957-97 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Арыс» кеңшарының орталығы болып келді. Оның негізінде шаруа қожалықтары құрылды. Орта мектеп, кітапхана, клуб, фельшер – акушерлік пункт т.б мекемелер бар. Халық саны - 3826. М.Шойманов елді мекеніМ. Шойманов ең алғаш 1930 жылы Абад колхозы болып құрылды. Егін, мал шаруашылығымен айналысты.Ең алғаш колхоз төрағасы болып Бозшабаев Тұрғанбай сайланды. Колхоз төрағалары:Қарақұлов Омар (1933-1934)Мырзагелдиев Қанжігіт (1934-1935)Олжатаев Әшірбек (1941-1944)Жанбаева Бибіажар (1944-1945)Мырзагелдиев Жұмаш (1947-1951)Қайназаров Колхоз (1950-1952)Әлішов Арын (1952-1955)Сапарбаев Тұрғанбай (1955-1956)Момбеков Кенжебек (1957-1958)1960-61 жылдары Коммунизм бөлімшесі болып аталынып, Қалыбеков Пірман басқарған. 1990 жылдан бастап М.Шойманов бөлімшесі болып аталынып, Диқанбаев Қали басқарды.Батырған Қарлыбай (1992-96)Дайрабаев Мұратхан (1996)Құлбатыров Серік (1996-98)Ескер Өстемір (1998-2004)Шынтереков Есенбай (2004-2005)Насырулла Оразбай (2005-2011)Әбілқайыров Ержан (2011-2013)Сейітнасыр Сейілбек (2013-2017)Үсетов Дінмұхаммед (2017) Халық саны -1348. 9. Аққұм ауылдық округі Аққұм елді мекеніАққұм ауылы Маяқұм ауылдық округі құрамында. Округ орталығы – Маяқұм ауылынан солтүстік – батысқа қарай 21 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық аңғарында, Сумағар көлінің оңтүстік батысында, қара жусан, дегелең, көкпек, бұйырғын басым өскен құмды, сортаңды, құмдақты- саздақты өңірде орналасқан. Ауыл 1957-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Овцевод» кеңшарының бөлімшесі болған.Кеңшар негізінде Аққұмда шаруа қожалықтары жұмыс істеді.Ауылды Сумағар, Шынниет, Бәйбіше, Ақдала қоныстары, Ақтамбет төбесі, Аққұм құмы, Өгізсай құмы т.б қоршап тұр. Халық саны - 1848. 10. Ақтөбе ауылдық округі Ақтөбе елді мекеніАқтөбе ауылының түп тарихының бастау алар тұсы 1931-1932 жылдар екен. Сол жылдары ең алғаш колхоз ұйымдастырушылар Орынбаев Омар, Қамысбаев Арыстан. Бұл мекенде алдымен төрт колхоз ұйымдастырылған: «Ақтөбе», «Крупская», «Интернационал», «Жаңа арық».Колхоздастырудың қызу науқаны кезінде өзінің ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен Алпысбаев Асан, Жалмырзаев Дәулет, Мәметов Иса, Мыңбаев Махан деген кісілер басшылық жасады. «Крупская» колхозы қазіргі Ескі Шілік мекені. Колхоз басшылары болып Түзелов Жүсіп, Маманбаев Ақбас деген кісілер басқарған. «Интернационал» колхозы – қазіргі Ақтөбе ауыл округі. Ең алғаш колхозды Төребеков Құрманбек, Алпанбеков Нұрбет деген кісілер басқарған.Ұлы Отан соғысы жылдарында 128 азамат майданға аттанған. Майданнан 46 азамат елге оралған.Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ер азаматтар Пірімқұлов Қалы «Ленин» орденінің иегері, Тілеубаев Әліқұл «Социалистік Еңбек Ері» медалымен марапатталған. Жайынбаев Мейрам «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, мал шаруашылығымен айналысып , жүз бас малдан жүз елу қозы ілестіргені үшін марапатталған. Шалбаев Нұрлыбек колхоздастыру кезінде жүгері өсіруден әр гектардан жүз центнерден өнім алғаны үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» орденінің иегері болған. 1952 жылы екі колхоз біріктіріліп «Крупская» колхозы болып қайта құрылды. 1957 жылы колхоз таратылып «Ақтөбе» бөлімшесі болып құрылып, «Темір» совхозы Кеңес Үкіметіне мәлім асыл тұқымды қара көл қой өсірумен айналысқан. Ақтөбе ауылы сол совхоздың құрамына өтіп, жем-шөп дайындайтын бөлімше болып құрылды. Ақтөбе бөлімшесінде алдыңғы қатарда еңбек еткен сушылар мен звенаводтар Ерсұлтанов Асан, Күдірбеков Сәрсенбай, Нұров Тынысбек, Нұров Оңалбек зор құрметке ие болды. Ақтөбе бөлімшесін сол кезеңдерде Сейілбеков Батырша, Теңлібаев Көрпебай, Нұрбетов Құлман, Мауқұлов Қуат сынды еңбек майталмандары басқарған. 2006 жылы қараша айында Ақтөбе ауылы Қарақоңыр ауыл әкімшілігінен Ақтөбе ауыл округі болып бөлініп шықты. Халық саны - 1948. 11. Балтакөл ауылдық округі Балтакөл елді мекеніБұрынғы Балтакөл қаракөл қой совхозы 1965 жылы құрылды. Сол кезде шашырап отырған халықты бір орталыққа топтастырып біріктіруде көп күш жігер жұмсалды. 1965 жылы алғашқы директор болып Ү. Тоқбергенов келді. Сол кезде Балтакөлде не бары 150 отбасы, 50 гектар суармалы жер ғана болатын. Ү. Тоқбергенов халықты ұйымдастыруда болашаққа үлкен сенімділікпен қарап, ауылға мектеп, кітапхана, шеберхана, дәріхана, монша, салдырды. Әрбір шопан қыстауларындағы мал қораларын жаңартып, халықтың әл- ауқатын жақсартуда қажырлы еңбек ете білді. Әсіресе совхоз орталығынан Ы.Алтынсарин атындағы сегіз жылдық мектеп жайын 1967-68 оқу жылында, Көлқұдық сегіз жылдық мектебін 1969-70 оқу жылында және Ақкөл фермасынан бастауыш мектептің жайын салып, бітіруге басшылық жасады. 1970 жылы ұзындығы 35 км «Сумағар» каналын қаздырды. 1970 жылы облыстық кеңестің депутаты болып тұрған кезінде Сырдария өзеніне қалқымалы көпір салдырады.Қ.Әжітаев, М.Досанов, Ж. Мелдібеков, Қ.Үкібаев, Қ. Азаматовтар Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.Сол сияқты Ж. Құттыбаев, Ж. Әуезханова Құрмет орденімен марапатталды. Қазіргі уақытта ауылда 750 отбасы, 5 мың халық тұрады. 2264 гектар суармалы жері бар. Халық саны - 2752. Ақкөл елді мекені«Ақкөл» елді мекені 1932 жылдан бастап Колхоз болып құрылған. 1965 жылы Балтакөл совхозынан №2 Фермасы болып құрылды. Ауыл адамдары ұйымдасып мына төмендегі ақсақалдар Ақкөл елді мекенінің құрылуына бір кісідей атсалысты.Алғаш ауылға халық келіп қоныстанғанда 30 шақты отбасы болған. Ауылдың экономикалық өсіп өркендеуі үшін ауыл ағалары, атап айтқанда Мелдебеков Жамаш 1966 жылдан 1972 жылдар аралығында ферма меңгерушісі болып қызмет етеді. Әлібаев Ахат 1973 – 1976 жылдар аралығында ферма меңгерушісі болып және Байтұрсынов Еркінбек 1967 – 1977 жылдар бухгалтер, 1977 – 1987 жылдары меңгерушісі, 1987 – 1997 жылдар аралығында орталықта жеке қожалықтан өнім жинау кезіндегі совхоз директорының орынбасары болып қызмет етеді. Ауылдың Сырдарияға шығар оң жақ беткейінде Икрам ата мешіті орналасқан. Мешіт ХIV ғасырда салынған. Жалпы көлемі 10х10 метр, бөлмесі күмбезбен көмкерілген.Халық саны – 382 Көлқұдық елді мекені.Көлқұдық елді мекенінің аталуына себепші болған Көлқұдық қазаншұңқырының болуы. Ауылдың солтүстік щығысында үлкен көл орны бар. Осы көлдің оңтүстік жағалауы ойыс болып келеді. Жыл он екі ай Сырдария өзені құймасында осы қазаншұңқырдан су үзілмейді. Ұзындығы 1 км жуық, ені 200м. Жағалауы жазық, түбі тегіс. Жағалауында қамыс, құрақ өскен. Жаздың ыстық айларында құрғап қалады. Ертеде біз тұрған аймақ Кекірелі сай аталса керек. Өйткені кекірелі шөбі мол өскен. Сонымен бірге халық аузында «Қарабұлақ», «Қарашкөл» мекеніміз, Қоңырат ішіндегі шекеніміз деген ұйқастар кездеседі. Қарашкөл ертеде көл орнының болғанын байқатады. Ауылдың солтүстік щығысында көлмен екі арада Төрткүл төбе орналасқан. Халық саны – 805 12.Қарақоңыр ауыл округі Ш.Қалдаяқов елді мекені«Қарақоңыр» атауы бұрынғы өмірден өткен қариялардың айтуы бойынша ауыл орналасқан жерде Қоңырбас, Қарасұлы сияқты табиғи шөптер ну болып өсіп, олардың бастары қара, қоңыр болып көрінгендіктен осылай аталған деген жорамал да бар. Екінші болжам бойынша екі рет «Құсшөлдеген» жұтымен аман есен шығып, аққұба жүзі қара қоңыр тартып, ұзақ ғұмыр кешкен,үрім бұтағы 90 баулы елге айналып, бүкіл Еуразия халықтарының құрамына кіріп, Қоңыр ата әулиемен де байланыстырады. Қарақоңыр елді мекені Арыс өзенінің оң жағалауына орналасса, өзеннің сол жақ жағалауындағы биіктігі 10м келетін төбеде замандардан келе жатқан ескі қорымдар, Отырар кірпіштеріне ұқсас сынып шашылған қираған кесенелер үйінділері мен мазараттары бар Үрпек әулие бар. Мұндағы тегістеліп кеткен мазараттардың орнынан жартылай немесе мүлде көміліп қалған ескі құлпытастарда араптың өрнекті Әліпбиімен ескі шағатай тілінде жазылған жазулар бар. Қарақоңыр өңірінде Совет үкіметінің шешімімен 1935 жылы № 125 - ші Түйе зауыты құрылады. Бұл зауыт республикалық жылқы терісіне қарап, алғашқы орталығы қазіргі Ескі Шілік пен Жаңа Шіліктің арасында болған «Қаратөбе» деген жерде орналасады. Зауыт 1963 жылы «Темір қаракөл қой совхозы» болып аталды.Халық саны – 3414 Бестораңғыл елді мекеніБестораңғыл деген жердің атауы сусыз жерде өсіп тұрған халқының киелі санайтын 5 түп тораңғыл ағашына байланысты шыққан.Бестораңғыл Қарақоңыр ауылы мен Ақтөбе ауылының арасындағы қара жолдың бойында орналасқан, жергілікті халық киелі санап тәу етеді. Бес әулие: Дулығалы ата, Әулие ата, Қоңыр ата,Ұзын ата,Жылаған аталар тоқтаған жер қалың тоғайға айналады. Бірде тоғайдан өрт шығып, ағаштар от жалынына орна бастайды, тілсіз жаудан бес әулие отырған жерде өсіп тұрған бес түп тораңғыл ғана жанбай қалады. Осылай әулиелер тоқтаған жер «Бестораңғыл» деп аталған.Халық саны – 211. Қостүйін елді мекеніАл «Қостүйін» деген жердің аты бүкіл Еуразия халықтарының құрамына кіріп, сіңіп кеткен 90 баулы Қоңыраттың қазақ халқының құрамына кіретін 2 бауын ғана құрап отырған. Көктінұлы мен Көнтөстік бабаларымыздың аналары заманында бір шаңырақтың астында тұрып, татулық пен ибалықтың, сыйластық пен ізгіліктің, имандылықпен мейірім шапағаттың нұрын шашып, замандастармен бүкіл Алты Алаштың ұрпақтары ұлағатты үлгі тұтқан қос ару аналар Жезбике Шілтай ана мен Сұлпанаш аналар жастары ұлғайып, самайларын қырау шалған тір кездерінде - ақ халық құрмет тұтып, киелі қос әулиеге айналды. Кейінгі дәуірлерде Тұран елінің басын қайта қосып, билікке келген Әмір Темір көреген қатар жерленген қос анаға сәулетті кесене жанына Қоңыраттың игі жақсыларының басын қосып, үлкен ас береді. Қос әулие аналарға құран бағыштап болған соң, «Аналарының құлағын шулатып жүрсіңдер» -деп енді бұл жерді Қос Ананың құрметіне «Қостүйін» деп атауға пәрмен береді. Халық саны – 137 13. Шілік ауылдық округі Жаңа Шілік елді мекеніЖаңа Шілік елді мекені – ауданның қиыр шығысында орналасқан. Жер аумағы 0,41 мың км. кв. Елді мекен ауданның шығысындағы сайлы – жыралы келген жазық өңірінде теңіз деңгейінен 205 – 237 м биіктікте орналасқан. Солтүстік батысында Арыстанды, Құмдай, батысында Көлқұдық қоныстары жайласқан. Солтүстік батысында Қаратөбе төбесі және округтің басқа жерлерінде абсолюттік биіктігі 231 м аспайтын бірнеше төтелер бар. Жер қыртысы құмды - саздақты топырақтан тұрады. Онда тал шоғырлары аралас астық тұқымдасты шөптесіндер, баялыш, көкпек, бұйырғын басым өскен. Елді мекен аумағымен бірнеше шағын каналдар тартылған. Олар Арыс – Түркістан каналынан басталады. Ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 18,12 мың га, оның ішінде суармалы жері 15,4 мың га. Халқының саны -2735. Ескі Шілік елді мекеніШілік – ауылы. Орталығы – Отырар ауданы. Орталықтан Солтүстік шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан.Шілік - ауыл аты. Жер аумағы 0,41 мың км. Шілік елді мекенінде Шошқа көл, Бөген, Шаян өзендері бар. 1930 жылы Шілік Ақтөбеден бөлініп Темір совхозының құрамына кірді. Онда Шілік бөлімше еді. Осы кезде Шілікте бастауыш мектеп болды. Алғашқы мектеп директорлары Сүтемгенов және Әжіқұловтар болды.Сонымен қатар Бейсенбаев, Қалдыбаев, Үсеев сынды ұстаздар қызмет атқарды. Колхоз бастығы Сәменов Білал болды. 1961-1962 жылдары «Шілік» мал бордақылау совхозы болып, мал бордақылау мен егін шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысты. Директоры Тоқбергенов Балта болатын.1969 жылы қыс қатты болып Шілікті су алды. Шілік халқы Шәуілдір және Темір трассасының бойынан 10 шақырымына қоныс аударды. Шілік халқының көпшілігі жаңа қоныс аударып, ал қалған бөлігі ескі қоныста қалды. Қазіргі таңдағы Жаңа шілік, Ескі шілік деген атаулардың шығуы осыны баяндайды. 1971 жылы 3 қабатты мектеп салынды. Оған Крупская есімі берілді.1987 жылы М.Әбилханов, 1992 жылы Ө. Ескеров басшылық жасады. Крупская мектебіне 1992 жылы М. Шаханов есімі берілді. Ескі Шілік елді мекеніндегі мектеп 2008 жылдың 26 тамызында ауылдың төл перзенті С.Сейтжановтың демеушілігімен жаңа ғимаратқа орналасты. Пайдаланылған әдебиеттер: Отырар. Энциклопедия.- Алматы:«Арыс» баспасы, 2005 ж. - 456 б. Отырарлықтар жауынгерлік сапта.- Алматы: Білім баспасы, 2005 ж.- 256 б. Шежірелі Отырар. – Алматы: 2005 ж.- 352 б. C.Байтілеуова. Шіліктің тарихы. // Отырар алқабы. 2002 ж. - 2 наурыз Батихан Әлтай. Балтакөл атауы қалай шыққан. // Отырар алқабы. 2003 ж. - 26 шілде Мақсат Байтасов. Тарихы терең қазыналы өлке. //Отырар алқабы. 2010 ж. - 30 шілде Файзулла Рахматуллаұлы. Қоғам ауылының тарихы. //Отырар алқабы. 2015 ж. - 19 ақпан Жауапты: Р.Пернебаева Редактор: Г.Дәулетов Құрастырған: Ж.Серікқызы