Ұлттық құрылтай – Қазақстан қоғамының дамуына бағытталған маңызды кеңесші – диалог алаңы. Ұлттық құрылтайдың тарихи тамыры қазақ халқының дәстүрлі басқару жүйесімен сабақтас. Ертеде билер кеңесі мен құрылтайлар ел тағдырын шешкен маңызды алаң болған. Бүгінде осы дәстүр жаңаша сипат алып, заманауи форматта қайта жанданды.
Бүгін аудандық орталық кітапханада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан мәселелерін насихаттау, қолдау мақсатында "Құрылтай- халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңы" атты алқалы жиын болып өтті. Жиынға Республикалық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің Отырар ауданындағы филиал төрағасы Ә.Жанзақов , ауыл округі мүшелері, ішкі саясат бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы, Отбасын қолдау орталығы және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу және оны қоғам санасына сіңіру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағытта жиынға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұлттық болмысты жаңғыртуға қатысты маңызды ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ жиын барысында тіл, дәстүр, дін, жастар тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын насихаттауда бірлесе жұмыс істеудің маңызын айта келе, бастамаларға қолдау білдірді.
Жиында "Бибі аналар" алқасының төрайымы Мария Белгібай құрылтайда көтерілген өзекті мәселелерге ерекше тоқталып, отбасындағы келеңсіз жағдайлардың бала тәрбиесіне кері әсері туралы сөз қозғады.
"Шуақты аналар" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалдан Байжұман ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру ата-анадан бастау алатынын айтып, баланы жастайынан қол еңбегіне үйрету туралы әңгімеледі.
Аудандық Әжелер алқасының төрайымы Мейрамкүл Тұрлыбек және зейнеткер-ұстаз, модератор Бақытжан Сапарбай мен басқа да қонақтар тақырып аясында өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, айтылған мәселелерді шешу барысына барша қоғам болып атсалысу керектігін айтып өтті.
Осындай мазмұнды пікір алмасулар ел бірлігін нығайтып, ұлттық рухты көтеруге септігін тигізері сөзсіз.
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.