Skip to main content
Отдел культуры, развития языков, физической культуры и спорта Отырарского района
  • Позвоните нам
  • +77712480093
  • Наш адрес
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
24 сен 2025

"Кitap Time - 2025"

 

Ұлы ойшыл, жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз айтқандай "Кітапхана-даналықтың қазынасы". Асыл мұраларды ел игілігіне пайдаландыра отырып, ұрпақтан - ұрпаққа аманат етіп тапсырып отыратын рухани орда болса, кітап - білім мен ғылымның бастауы.

Бүгін "Кitap Time - 2025" республикалық кітап фестивалі еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Кітаптың мәртебесін көтеру, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында Отырар кітапханасында да "Kitap Time - 2025" фестивалі аясында "Кітап патшалығы шақырады" тақырыбында мерекелік шара болып өтті.

Мерекелік шараның шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов кітаптың адам өмірінде алар орны мен маңызы туралы айта келе, ұйымдастырушыларға игі тілегін білдірді.

Кең көлемдегі кітап көрмесін таныстырудан бастау алған шара барысында "Кітапханаға кітап сыйла" акциясы ұйымдастырылып, қонақтар мен оқырмандар өздерінің жеке кітапханаларынан кітаптар сыйлап, біздің кітап қорымыздың молаюына өз үлестерін қосты.

Мәдениет сарайының өнерпаздары әсем әннен шашу шашса, "Ақындар шықты ортаға" жас ақындар өз шығармашылықтарынан өлеңдер оқып, көпшілік көңілінен шыға білді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудандық байқаулардың жеңімпаздары да шараға белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар оқырмандар арасында кітаптың аты мен мазмұнын және авторларын анықтау мақсатында "Көп оқыған көп білер" әдеби лото ойнатылды.

Шара соңында кітапхана директоры Р.Пернебаева осындай тәрбиелік мәні зор игі шаралар жас ұрпақ үшін баға жетпес құндылық екенін айта келе, қонақтар мен оқырмандарға алғысын білдірді.