Көңілді жаз тамаша,
Күледі күн қараса.
Жағасында ойнаймыз,
Жалаң аяқ балаша, - дегендей, жаздың соңғы күндері де аяқталуға жақын.
Жазғы демалыстың баланың ойында қалатындай, оның алдағы дамуына оң әсер қалдыратындай өтуі өте маңызды. Себебі, жақсы демалыс - алдағы жақсы білімнің кепілі.
Осы орайда, Отырар аудандық балалар кітапханасы балалардың жазғы демалыс кезіндегі бос уақыттарын тиімді өткізіп, кітап оқуға деген ынталарын арттыру мақсатында «Жаз қызығы кітаппен!» оқуға қызықтыру бағдарламасы аясында түрлі қызықты шаралар ұйымдастырды.
Атап айтқанда, “Жаз қызығы бізбенен” - қызықтыру сағаты, “Демалысты кітаппен өткізейік” - әдеби квест, “Кітап оқи білеміз бе?”- сайыс сабақ, “Ойлы болсаң, озып көр” - мақал – мәтел сайысы, “Отбасыңмен бірге, демалыста кітап оқы” - отбасымен оқу шаралары өткізілді.
Балалармен өткізілген шараларда жаз мезгілінің ерекшеліктері туралы әңгіме жүргізіліп, күннің шуағы, көкмайса шөптер, көбелектер туралы қызықты ойлар айтылды.
Кітапханашылар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың ой-санасын дамытатын танымдық, мотивациялық кітаптар ұсынып, балалармен бірге жаз мезгілі туралы тақпақтар жаттатқызып, білім көкжиегін кеңейтті.
Ал, бүгін орталық алаңда жазғы бағдарламаны қорытындылаған «Балалық шақ балдәурен» атты мерекелік думан жоғары деңгейде өткізілді.
Шара барысында "Библиошар" ойыны ойнатылып, жұмбақтар әлеміне саяхат жасалды. Ақындар шығармашылығынан өлеңдер оқылып, әсем әндер шырқалды.
Сондай-ақ, балалар "Көбелек", «Айгөлек» билерін билеп, қызықты ойындарға белсене қатысып, жақсы көңіл - күйге бөленді.
Мерекелік шара соңында балаларға кітапхана директорының арнайы Алғыс хаты мен сый -сыяпаты табысталды.
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.