Бүгін аудандық орталық кітапханада Қазақстан әдебиетіндегі «Таңдаулы 100 кітапты бірге анықтайық» сауалнамасына орай «Руханият жолындағы рухты шығармалар» тақырыбында зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары арасында дөңгелек үстел болып өтті.
Басқосуға Отырар ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Бекжан Бейсенбай, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі, кәсіби медиатор Бақытжан Сапарбай, аудандық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің жанындағы «Бибі аналар» алқасының төрайымы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мәрия Белгібаева, аудандық Әжелер алқасының төрайымы, қоғамдық кеңестің мүшесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мейрамкүл Тұрлыбек және «Отырар әдебиеті және өнері» бірлестігінің төрағасы, ақын Дәурен Полатбаев арнайы қатысты. Қонақтар тақырып аясында өз ой-пікірлерін ортаға салып, «100 кітап» ұлттық жобасын қуана қолдайтындарын айта келе, еліміздегі кітап оқу мәдениеті және жастарға тәрбиелік мәні бар әдебиеттер туралы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар «Таңдаулы 100 кітап» - ұлтымыздың рухани иммунитетін қалыптастыруға бағытталған ерекше құндылық екендігін айтып, өз таңдауларын жасады.
Бүгінде Ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөзі өте өзекті. Әлемдік ақпараттық толқында шынайы маңызды нәрселерді ұмытпау үшін кітап оқу қажет. 100 кітап сауалнамасы –бізге және балаларымызға кітаптың тек білімнің көзі ғана емес, сонымен қатар құндылықтарымызды көрсететін рухани құрал екендігін еске салатын мүмкіндік.
Рухани сауалнамаға белсене қатысып, өз таңдауыңызды жасаңыз, қымбатты оқырман!
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.