Бүгін «Отырар» кітапханасында Отырар ауданының төл перзенті, құрылыс инженері, ауданның бас архитекторы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан, Отырар ауданының Құрметті азаматы, аудандық қажылар қауымдастығының төрағасы Әбутәліп Асанұлының «Ой толғаулары» атты жаңа кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
Тұсаукесер кешіне арнайы шақырылған қонақтар кітаптың тұсауын салтанатты түрде кесіп, авторға ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар, Әбутәліп ағамыздың азаматтығы, ауданға сіңірген еселі еңбектері туралы естеліктер айтылып, арнау өлеңдер оқылды.
Т.Ибрагимов атындағы жалпы орта мектептің оқушылары ән мен күйден шашу шашып, кештің шырайын аша түсті.
«Өмір иірімдері», «Имандылық туралы бірер сөз», «Бабалар салған сара жол», «Жақсылар жайлы ой қозғап», «Жылы лебіз – жанға жылу» атты бес бөлімнен тұратын бұл кітапта әулет шежіресі, өмірдің әртүрлі сәттері, имандылық бастауы толғаныспен баяндалған. Сондай-ақ, жаңа кітап ар тазалығы мен отансүйгіштікті насихаттайды.
Абыз қарияның жүрегін жарып шыққан бұл туындысы жас ұрпақ үшін пайдалы қазына екені даусыз.
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.