Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
17 Маусым 2024

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ


Бүгін Талапты ауылындағы «Фараб дәрігерлік амбулаториясы» ұжымы мен ауыл тұрғындары қуанышқа бөленді.

Себебі, тәулігіне 25 адам қабылдауға мүмкіндігі бар денсаулық сақтау мекемесіне «Amanat» партиясының Отырар аудандық филиалының, аудандық мәслихаттың төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы демеушілік танытып, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында DAMAS жеңіл автокөлігін сыйға тартты.

Автокөлікті «Медицина қызметкерлері күні» аясында демеушінің анасы 25 жылдан астам өмірін денсаулық саласына арнаған, медицина ардагері Ұзақ Жұмакүл Бейсенбайқызы аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Сатыбалдыұлына табыстады.

Уалихан Жамалханұлы ауылдастарды құттықтау сөзінде анасы Жұмакүл Бейсенбайқызы мен марқұм әкесі Ұзақ Жамалхан қарияның ұзақ жылдар бойы ауылда дәрігерлік қызмет еткенін айтып, бүгінгі сыйы сол ата-ананың қызмет еткен саласына арналғанын жеткізді. Сондай-ақ, медицина мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жедел жәрдем мекеме қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, ауыл тұрғындарына дер кезінде сапалы жұмыс жасайтынына сенім білдірді.

Дәрігер Мұхтар Сатыбалдыұлы бұл демеушілік үшін Ұзақов Уәлихан Жамалханұлына, Ұзақ Жұмакүл секілді еланасына дәрігерлер мен ем қабылдаушылар атынан алғыс білдіріп, аудандағы медицина саласына үлкен сый екенін айтып, ризашылық білдірді.

Шарада Отырар ауданының «Құрметті азаматы», аудандық мәслихаттың депутаты Айдарқұлов Төребек, Талапты ауылының биі Сейдалы Қазыбекұлы, ауыл ақсақалы Ізбасхан Бөбейұлы, Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Қойшығұл Мамыров ауыл тұрғындарын, медицина саласының мамандарын құттықтап, демеушлілерге алғыс білдіріп, жедел жәрдем тек жақсылыққа, қуанышқа қызмет етсін деген тілектерін білдірді.

Ауыл биі Сейдалы Қазыбек қария Уәлихан Жамалханұлына демеушілігі үшін ауыл тұрғындары атынан, шапан жауып құрмет көрсетті.

Айтулы іс-шара барысында аудандық мәслихаттың төрағасы арнайы «Алғыс хатымен» ауылдың медтірегінде елеулі еңбек еткен, медицина ардагері Базаркүл Баубекқызы мен жаңа дәрігерлік амбулаторияның дәрігері Әйгерім Тұрғанбекқызы марапаттап, сый-сыяпат тапсырды.

Қуаныштарыңыз құтты болсын Талапты ауылының тұрғындары.

Дәрігер Мұхтар Сатыбалдыұлы айтқандай «Жедел жәрдем тек жүкіт әйелдерді тасып, халқымыздың санының артуына қызмет етсін».