Шын мәнінде егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанмен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты. Тәуелсіздігімізден қымбат құндылық, егемендіктен асқан байлық жоқ. Біз басымызға бақ болып қонған азаттықты аялай білуіміз керек.
16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай Ш. Қалдаяқов мектеп- гимназиясында «Тәуелсіздік – Мәңгілік Елдің берік тұғыры» атты тақырыпта желтоқсан көтерілісіне қатысқан аға-апаларымызбен кездесу кеші болып өтті. Шара барысында орталық кітапхана қызметкерлері «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты кең көлемдегі кітап көрмесін жасақтады. Шараға арнайы шақырылған желтоқсан көтерілісінің куәгерлері көпшілікті тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл тәуелсіздіктің бізге оңай келмегендігі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар оқырмандар патриоттық тұрғыда өлеңдер оқып, ән шырқады. Ақын-ұстаз Р.Мұратова өзінің арнау өлеңін оқыса, Отырар археологиялық музей-қорығының қызметкері Д.Жұмаханұлы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы айтып өтті.
Тәуелсіздік - тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол - өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы болып, егемен ел ұрпағының еңсесі биік болсын! Қазақстанға оңай келмеген Тәуелсіздікті қадірлей, қастерлей білейік!
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.