Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2

Алғы сөз

«Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі»

Н.Ә.Назарбаев

 

Елбасымыз  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында

 «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар  нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жобада қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет», деп өлкемізге арнайы назар аударғаны бізді, яғни отырарлықтарды ерекше қуанышқа бөледі және біздің ауданымызда туризмді дамытуға салмақты міндеттер жүктейді.  Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан үлесі өте зор екені даусыз. Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғаған Ұлы Жібек жолы тек қана сауда – саттықты ғана өркендеткен жоқ. Ата -  бабаларымыз ежелден табиғи ортаны қорғау, тазалық, экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырған. Отырар қаласы әкімшілік, сауда – саттық, мәдениет пен білім ордасы болған, мұнда Шығыс моншасы, еңселі де зәулім мешіт-медіреселер, Александриядан кейінгі екінші кітапахана, Теңге сарайы, тағы басқа әсем ғимараттар бой көтерген. Оның айналасындағы Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Құйрықтөбе т.б қалалардың бәрінің атқаратын міндеттері болған.

Бүгінгі таңда Түркі әлемінің мәдени астанасы Түркістан қаласына туристердің саны жылдан – жылға арта түсуде.Түркістанға келген туристер Отырарға соқпай кетпейді.Осы жағдайдың барлығы Отырарда абаттандыру жұмыстарын жеделдету, туризмді дамытуға, туристерге қолайлы жағдай жасауға

оң ықпалын тигізіп отыр.

Біздің, Сіздерге  ұсынып отырған анықтамалығымыз бір ғана бағыт бойынша, яғни Шәуілдірден бастап Арыстанбаб кесенесіне дейінгі аралықтағы тарихи және мәдени орындар туралы қысқаша мәліметтер беріп отырмыз.

Бұл көмекші құрал саяхатшыларға, жеке туристерге, жалпы біздің аудан тұрғындарына арналған.

Шәуілдір – Арыстанбаб бағыты бойынша

карта

 

1-аялдама

Отырар ауданы

Отырар ауданының құрылу тарихы 1930 жылы осы өңірде өткен «Шәуілдір съезі» деп аталып кеткен үлкен жиыннан басталады. Онда халық біржола отырықшылыққа көшуге, бірігуге, Арыс өзенін бөгеп, Шәуілдір каналын қазуға шешім қабылдады. Шәуілдір ауылының азаматы Дүйсенбай Алтынбеков көшпенді халықты отырықшы болуға, егіншілікпен айналысуға, ол үшін бірлесіп Арыс өзенін бөгеуге, канал қазуға шақырды.

         Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің 1934 жылы 27 желтоқсандағы №106 қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданды. 1935 жылы 9 қаңтарда Қазақстан ОАК шешімі бойынша Шәуілдір ауданы Түркістан ауданынан бөлініп, өз алдына отау тікті. Аудан орталығы Темір станциясында болды. 1936 жылдан бастап орталығы Шәуілдір ауданы болып бекітілді. 1991 жылы 18 қаңтарда Қызылқұм — Отырар ауданы болып өзгертілді. 

          Ауыл аты біріне-бірі ғашық болған хан қызы Дүрия мен ханның қол астындағы құлы Шәмілдің атымен аталған деген аңыз ел арасында тараған. Екеуінің махаббаты баянсыз болып, ақыры өліммен аяқталған екен. Елді мекен алғашқыда «Шәміл Дүр» аталып, уақыт өте келе өзгеріске түсіп, Шәуілдір болып аталып кеткен көрінеді. Міне, осы екі ғашық паналаған жерді жұрт «Шәміл мен Дүрия­ның ауы­лы» деп аталып кетіпті. Уақыт өте келе бұл атау қысқартылып – «Шәмілдүр», артынан дыбыстық өзгеріске ұшырап – «Шәуілдір» атанған деген дерек бар.

 

Тыңдағандарыңыз үшін рахмет!

2-аялдама

Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің әдебиет және өнер бөлімінің негізінде халық депутаттары Қызылқұм аудандық Кеңесі атқару комитетінің 1991 жылғы 6 қарашадағы №388 қарары бойынша қоғамдық негізде, 2000 жылы мәдениет комитетінің келісімімен (келісім хат №05/325) Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің филиалы болып, мемлекеттік негізде ресми ашылды.Музей бір ғылыми зерттеу бөлімі, қайта жаңғырту шеберханасы, 6 экспозиция, 1 тұрақты көрме залы, 4 қор сақтау, кеңсе бөлмелері бар.

Көрме залы -ұзындығы 20 м, ені  7м, үлкен және кіші бөлмеден тұрады.

              Зейін қойғандарыңыз үшін рахмет !

3-аялдама

               Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейі

 1967 жылы 17 мамырда Темір бекетінде ашылған мектеп музейінен бастау алады. Ол 1976 жылы аудандық мемлекеттік тарихи өлкетану музейі болып ашылған. Аудандық тарихи өлкетану музейі негізінде Қазақ ССР Мәдениет министрілігінің 1979 жылғы 16 қыркүйек № 33 бұйрығымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейі құрылған. Музейдің алғашқы экспозициясының ресми түрде ашылу салтанаты 1989 жылдың 25 қаңтарында өткен. Аталған экспозиция ішінара тақырыптық өзгертулермен 2012 жылға дейін қызмет көрсеткен.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы Заманауи технологияларды пайдалана отырып жасалған музей экспозиция залының ресми ашылу рәсімі өтті..
Қазіргі таңда Отырар қорық-музейінен 202 тарихи-мәдени ескерткіш тізімге алынған. Оның ішінде, археологиялық ескерткіштер саны – 168, архитектуралық ескерткіштер саны – 6, ирригациялық жүйелер – 28. Ал 3 ескерткіш, яғни Отырар, Арыстанбаб, Оқсыз республикалық дәрежеде болса, 73 ескерткіш  жергілікті маңызға ие.

            Ой бөліп тыңдағандарыңыз үшін рахмет !

4-аялдама

Қаракөншек  I-XII ғғ.

         Шәуілдір ауылының оңтүстік шетінде, Арыс өзенінің оң жағалауында тұр. 1948-49 жылдары Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1969-70 жылдары Отырар археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев) зерттеген. Үшбұрыштанып келген төбенің көлемі: оңтүстік-шығыс жаны 180, оңтүстік-батыс жаны 160 м, солтүстігі – 190 м, биіктігі-15 м, төбесінде 75х60 м болатын дөңгеленген алаңы бар. Төбедегі қазіргі заман молаларынан шыққан топырақ ішінде қара және кызыл ангоб жағылған, жылтыратылған сырсыз керамиканың біраз үлгілері кездеседі. Қала орнының территориясында 3100 дана шағатайлықтар соққан күміс теңгелердің көмбесі табылған. Материалдар Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларында сақтаулы.

 

Әңгімемізге көңіл бөлгендеріңіз үшін рахмет !

5-аялдама

Отырар қалашығы

 

Отырар - ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Кейбір деректерге қарағанда осыдан екі жарым мың жыл бұрын оның орнында алғашқы қоныстар болған. VІ – VІІІ ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Кейін ІХ – ХІІ ғғ сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады.. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды. Ү – ХҮ ғғ Отырар қаласы Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталыққа айналды. Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды.

Оңтүстік Қазақстан қалалары ішіндегі Отырар ең мықты қалалардың бірі саналды. Оның билеушісі Қайырхан есімді әскербасы еді. Отырар қаласын басып алуға Монғолдар 1219 жылы 200 мыңға жуық әскерін аттандырады. Отырарлықтар өз қаласын қасық қандары қалғанша қорғап, беріспеді. Бес ай бойы жауға берілмей шайқасады. Қаража атты сатқын қаланың дарбазасын жауға ашып береді. Соның опасыздығынан қаланы 1220 жылы ақпанда монғолдар басып алды. Аңыздарға қарағанда, монғолдар Қайырханның тамағына қорғасын құйып өлтіреді.

 

            Зейін қойғандарыңыз үшін рахмет !

6 - аялдама

Пышақшы төбе

Қару жарағымен, оның сапалылығымен шартараапқа даңқы жайылған. Металл өңдеудің шыңына жетіп, әлемге әйгілі қарулармен қоса, жер өңдеу ісіне пайдаланылған әртүрлі соқа, орақ, кетпен секілді бұйымдарды да ерекше әдіспен жасаған.       

I-XII ғғ. (археол.). Қоғам ауылының оңтүстік-батысында, 1 км жерде орналасқан. 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А. Н. Бернштам) зерттеген.

1949 жылы төменгі (батыс) алаңның шығыс шетінің ортасында қазба жүргізілді. 6—10 ғғ. жататын 3 қабат аршылды. 1969 — 70 жылдары Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К. А. Ақышев) зерттеп, кішігірім шурф салынды. Қала орны бүрыштары дөңгеленіп келген тікбұрышты, екі қабатты төбе болып қалған. Осы тебе айналасында түрлі көлем мен калыптағы төбеге айналған қүрылыс орындары бар. Төбе айналасында жалдың қалдықтары сақталған. Цитадельдің оңтүстігінде Арыс өзенінен келетін көне магистральды арықтың орны бар. Арықтың екі жағында да құрылыс қалдықтары бар. Олардың бірі — Жартөбенің диаметрі 100 м-дей, биіктігі 6 м. Ескі арық төбені екіге жарған. 1949 жылғы қазба барысында 3 қабат аршылды. Бірінші қабат қатты шайылып, бүзылған. Екінші қабатта кесектен (42x43x7 — 9 см) қаланған қабырға қалдықтары мен күл дақтары болды

 

                Тыңдағандарыңыз үшін рахмет !

7 - аялдама

Арыстан баб кесенесі

Көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғасыр шамасында салынған. Мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Арыстан баб кесенесі 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35×12 метр, биіктігі 12 метр, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, Солтүстік жағы кесене, Оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.

          Ой бөліп тыңдағандарыңыз үшін рахмет !

8-аялдама

Құйрықтөбе

         Қоғам ауылынан солтүстік-батысқа қарай 3 км, ортағасырлық Отырар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде, Арыс өзенің Сырдарияға құяр сағасында орналасқан. Қаланы 1949–51 ж. Оңтүстік Қазақстан археология экспедиция (жетекшісі А.Н.Бернштам), 1981 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедиция (жетекшісі К.Ақышев) зерттеді. Қазіргі орнының биіктігі 7,5 м, с олтүстіктен батысқа қарай 250 м-ге созылған, батысының ұзындығы 125 м, оңтүстік-батысы 225 м, оңтүстік-шығысы 180 м болып келетін төбешік. Құйрықтөбенің оңтүстік-батыс бұрышында диаметрі 30 м, биіктігі 15 м төбешік түріндегі цитадель орны бар. Цитадель айналасында 4 мұнараның қалдықтары сақталған. Археология қазба жұмыстары нәтижесінде 7–12 ғ-лар аралығына жататын мәдени қабаттар аршылды. Бұл қабаттардан керамикалық ыдыс, құмыра, көзе, тостаған, адам мен жануарлар мүсіндері, 7–8 ғ-лар теңгелері, т.б. шаруашылыққа қажетті бұйымдар табылған. Зерттеу барысында күйдірілген және шикі кірпіштен салынған, қабырғаларының қалыңдығы 1,5 м, ауданы 36,5х20,5 м мешіт орны анықталған. Ішінен табылған заттарға қарағанда мешіт 11–12 ғ-ларға жатады.

Төбенің жалпы пошымы құйрықты қойдың бір бөлігіне ұқсағандықтан  Құйрықтөбе деп аталып кеткен.

              Тыңдағандарыңыз үшін рахмет !

9-аялдама

Алтын төбе

 Мыс пен мырыш, қола, алтын, күміс өңделіп, теңгелер соғылған. Бұл теңгелер орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда саттықтың өркендеуіне қызмет еткен.

Отырар аймағының орталық бөлігіндегі ірі қалалардың бірі саналатын Алтынтөбе қалажұрты І-ХІ ғасырлар аралығын қамтиды. Қалажұрт Қоғам ауылының солтүстік-батысында, 5,5 км жерде «алаңқайлы төбе» типтес, екі қатпарлы ескерткіш. Ең биік жері солтүстік бөлігі (цитадель) жоспарда шаршы тәрізді, бұрыштары дөңгеленіп келген, көлемі 135×150 м (5 м жер¬дей горизонталь бойынша) және 75×60 м (15 м жердегі горизонталь бойынша), биіктігі 17,13 м. Солтүстік жанының ортасында жоғарыдан төмен түсетін терең сай бар. Ол  пандус арқылы өтетін бұрынғы «солтүстік» қақпасының орны болуы мүмкін деген болжам жасалған. Екінші қақпа оңтүстігінде, шахристан жағында. Шахристанның биіктігі 7 м, көлемі 100×255 м, мұнаралы қорғанмен қоршалған. Қорғанның қалдықтары, біркелкі қайталанатын төбешіктері бар (мұнара орындары), аласа жота түрінде сақталған. 1947 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А. Н. Бернштам) зерттеу жүргізген. 1949 жылы  жүргізілген қазба барысында кесектен соғылған құрылыс қалдықтары бар 3 мәдени қабаты аршылған. Олардың астында күл қабаты болған. Алынған  материалдарды сараптағаннан кейін б.д. І-ші ғасырлары және VІІІ-Х ғ.ғ. тән екені анықталған.

Әңгімемізге көңіл бөлгендеріңіз үшін рахмет !

10-аялдама

Оқсыз қалажұрты.

Отырар ауданындағы республикалық дәрежеге ие тарихи орындардың бірі ежелгі Оқсыз қаласын біз бұл кітапшаға жеке аялдама ретінде  қосып отырмыз. Аудан ішіндегі басқа бағытта орналасса да, Оқсыз туралы мәлімет беруді де жөн көрдік. Оқсыз қалажұрты Маяқұм ауылының солтүстігінде, 9,5 км қашықтықта, Ақжар деген жерде орналасқан. 1900 жылы Н.В.Руднев кішірім қазба жүргізіп зерттеген. 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев, К.М.Байпақов) зерттеген. Ғылыми әдебиетте Оқсыз Әбу Насыр әл-Фараби туған ортағасырлық Весидж қаласы деп есептеледі. 13 ғасырда қала Зернук деген басқа атпен белгілі болған болу керек.

Шахристан айнала қабырғамен қоршалған. Қабырғалардың бұрыштарында және 30-40 м сайын мұнаралары болған. Мұнаралардың орындары биіктігі 1,5 м төбешіктер болып қалған. Қаланы айналдыра ор қазылған, қазір оның тереңдігі 2-3 м. Қалаға екі жерден, шығыс және оңтүстік-батыс қабырғаларда орналасқан қақпа арқылы  кіретін болған. Орталық төбеге оңтүстігі мен батысынан қорғансыз рабад жапсарласады. Рабад территориясынан магистралды арық өтеді. Рабад көлемі 20 га-дай.

                  Зейін қойғандарыңыз үшін рахмет !

Жауапты:             Аудандық  орталықтандырылған  кітапхана  жүйесінің директоры  Рыскелді.А.С

 

Редакторы:           Пернебаева. Р

Құрастырушы:    Серікқызы. Ж

Мекен жайы:        Отырар ауданы

                          Аудандық орталық кітапхана

                                   Н.Оңдасынов көшесі-2

                          Сымтетік:77-5-78

                          Otrar kіtap@maіl.ru