Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
10 Тамыз 2024

«Абайды тану – ұлтты тану»


Бүгін, яғни 10 тамыз – халқымыздың бас ақыны, ұрпағына өнеге болар өшпес рухани мұра қалдырған әрі аудармашы, әрі сазгер, өз заманының ағартушысы бола білген Абай Құнанбайұлының туған күні.

 

​Бұл күн - бүкіл қазақ елінде Абай атамыздың өмірі және еңбектері дәріптеліп, өлеңдері мен әндерін айрықша ұлықтайтын, құрмет көрсететін күн!

Бүгін артында өлмейтұғын сөз қалдырған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жырларын оқып, мол мұрасына қайта бір көз жіберудің, көңілге түюдің әдемі бір сәті келіп отыр.

​Ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың өзі айтқандай «Кітапхана – даналықтың қазынасы». Олай болса, аудандық «Отырар» кітапханасының ұйымдастыруымен биыл жетінші мәрте «Абай оқулары» байқауын өткізді.

«Абай мұрасы - халық қазынасы» (Абай Құнанбайұлының қара сөзін мәнерлеп айту), «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (Абай өлеңдерінен мәнерлеп оқу), «Абай мұраларын ұлықтайық» (Абай Құнанбайұлының шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беру) атты үш бөлімнен тұратын бұл байқауда Абайды тануға, білуге ұмтылып, байқау шартын жоғары дәрежеде орындап, өз қабілеттерін көрсете білген үміткерлер сарапшылар шешімі бойынша жүлделі орындармен, алғыс хаттармен марапатталды.

Балтакөлдік оқырман Бөкен Алтын ІІІ орын, Талаптылық Нұран Зере ІІ орын, Қарғалы ауыл округінен қатысқан Лескенқызы Ұлбала І орындармен марапатталса, Отырар ауыл округінен келген оқырманымыз Пернеш Арайлым Бас жүлде иеленді.

Бүгінгі байқауға қатысқан жастарымыз сияқты Абайдың шығармаларына бой ұратын, рухани нәр алатын жастарымыз көп болғай. Бүгінгі жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтап, әлі де биік шыңдардан көріне берулеріне тілектеспіз.