Биыл халқымыздың бас ақыны, ұрпағына өнеге болар өшпес рухани мұра қалдырған философ, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр!
Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлауда.
Абайдың мерейтойын атап өту - еліміздің мәдениеті мен тарихына құрмет көрсету және жастарға рухани нәр беру.
Осы орайда Түркістан облыстық «Фараб» әмбебаб ғылыми кітапханасының бастамасымен және «Отырар» кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай оқулары» аудандық іріктеу байқауы болып өтті. Ақынның мол мұрасын жастар арасында насихаттау, дәріптеу мақсатында өткен бұл байқау кең көлемде жасақталған кітап көрмесін таныстырудан бастау алды. Байқауды аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Құттыбай алғы сөзбен ашып, осы мәдени, рухани шараның маңызына тоқтала келе, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Байқауға өз оқырмандарымен қатысқан ауылдық кітапхана меңгерушілері «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» /ақынның 10 өлеңін жатқа оқу/, «Абайдың қара сөздері» /ақын қара сөзінің мағынасын әдеби, көркем тілмен түсіндіру, «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» /Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ақылбай Абайұлының , Мағауия Абайұлының өлеңдерін жатқа айту/ кезеңдері бойынша бақ сынасты.
Байқауға Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Ешманова, аудандық мәдениет сарайының көркемсөз үйірмесінің жетекшісі Перизат Әбу және «Отырар» кітапханасы директорының орынбасары Базаркүл Жұмаділлә сарапшылық жасады.
Абайды тануға, білуге ұмтылып, байқау шартын жоғары дәрежеде орындап, өз қабілеттерін көрсете білген үміткерлер - Жұманова Назира мен Жақсыбек Ақтолқын ІІІ орын, Әтей Жазира мен Аймырза Индира ІІ орын, Сандуғаш Сұлтанбек пен Базарбай Нұрасыл І орын иеленді. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен, алғыс хаттармен марапатталды.
Абай шығармаларының мағынасын терең ұғып, түсіне алатын, Абай дәстүрін жалғастырушылар тобы молая түскеніне бүгін тағы бір көзіміз жетті. Бүгінгі жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтап, әлі де биік шыңдардан көріне берулеріне тілектеспіз.
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.