Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2

Отырар ауданының ақындары

ЕРГӨБЕК ҚҰТТЫБАЙҰЛЫ (1865-1917)

     Ергөбек Құттыбайұлы 1865 жылы, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы «Шәуілдір» қаракөл қой совхозы тұрған жерде туып, елу екі жасында 1917 жылы бүгінгі Өзбекстан Республиасының Ащы деген өзекше бойында ағасы Қалдыбектің қызы Ділләнің қолында дүние салды.
Ресей патшалыңының қысымшылығына қарсы азаткерлік-күрескерлік әдебиетінің Қазақстанның Оңтүстік өңірінен шыққан  көрнекті өкілі  Ергөбек Құттыбайлының шығармалары «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақта (1985-89), Әсілхан Оспанұлының «Сағындам даусын ботаның» деген жинақ кітапшасында (1991), ақының немересі Әселхан Қалыбекеова мен Абдулла Жұмашев құрастырып шығарған «Ергөбек шығармалары» жинағында (2010), «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының 248 томында жарияланған. Ә.Оспанұлының «Қаратау шайырлары» (1991),Рахманқұл Бердібаевтың зерттеу еңбектерінде,  А.Жұмашевтың «Отырар алқабының ақындары» (2011) деген кітабында Ергөбек Құттыбайұлының творчествосына талдау жасалған. 


      Ел жарсышы Ергөбектің шығармалары көбіне  қазақ өлең өнеріндегі сезімшіл (лирикалық), толғамдық (эпикалық) түріндегі туындылар болып келеді: 
Мәселен,ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғам қауымының тіршілігіндегі елеулі құбылысты толғаумен ерекшеленетін «Іздрасти, Никалай» және «Сәлем де туған елдерге» өлең-жырлары  осындай туындылар.
 

ҚЫЗЫЛ ЖЫРАУ (МЫРЗАБЕК БАЙЖАНҰЛЫ) (1870-1945)

 

Жұртшылыққа «Қызыл жырау» деген лақап атпен белгілі Мырзабек Байжанұлы қазіргі Отырар ауданының Маяқұм ауылы тұрған жерде 1870 жылы туылып, 1945 жылы сонда қайтыс болды. Қаратау мен Сыр бойын аралап, Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса, Нұралы, Айтбай тәрізді әйгілі ақын-жыршылармен кездесіп, өнер жарысына түскен. Ташкент, Бұқара, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт (Қызылорда), Ақтөбе атыраптарын аралап, ақтөбелік ақын Әкімгерей Қостановпен айтысқа түсіп, танымал болған. Шымкентте 1939 жылы өткізілген жиын жарысқа қатысып, Ұлы Октябрь, В.И. Ленин туралы арнау толғаулар шығарған. Ақынның «Насихат жыр», «Аудан басшыларына хат», «Құмырсқа мен шегіртке», «Әмзе қисса», «Ешкі сауда», «Әкімгереймен айтыс», «Кәрілік туралы» т.б. шығармалары ел арасына кең тараған. Қызыл жыраудың шығармалары «Қызыл жырау» («Мұра», Түркістан, 1997), «Қызыл жыршы» («Білім», 2009) деген атпен (құрастырған А. Жұмашев) жарық көрген.

СӘДУАҚАС ЖАҚАШҰЛЫ (1888-1951)

     Отырарлық ақындардың бірі Сәдуақас Жақашұлы 1888 жылы Отырартөбе қала жұртының батыс жағындағы Жантақтыой деген жерде туылып, 1951 жылы Арыс қаласында қайтыс болды. Ол жасынан-ақ отарланған елдің езілушілік, әлеуметтік, экономикалық, психологиялық тауқыметін көп тартса да, еті тірілігінің арқасында сол маңдағы Оспан әжі деген кісі ашқан Сарыкөл медресесінен арабша, Қазан төңкерісінен кейін латынша сауатын ашып, өмір тіршілігінің ағым-ағысымен арпалысып өсті. Ақын 1916-17 жылдары, яғни Сыр бойын жайлаған ашаршылықта екі інісімен кәсіп іздеп Қостанай жағына кетеді де, 1921 жылы елге оралады.  1927-28 жылдары Ташкент жағына кетіп, онда жерлесі Тіркеұлы Әлімбайдың Штабскідегі наубайханасында  істейді. Кейін Шәуілдірде ежелгі Отырар суландыру жүйесінің бір тармағының ескі сілемінен оман-арық қазылып, үкімет саясатымен ұжымдасу басталғанда Сәдуақас еліне оралып, 1930 жылы тоғанда, 1931-32 жылдары колхоз бастығы, 1932-33 жылдары Шәуілдір СелПО-сында, одан кейін Көксарай СелПО-сының бас есепшісі, РайПО-ның есепшісі болды. 
     Жас кезінде ауыл арасындағы әнші, күйші, термеші, өлеңші секілді дарын иелерінің сөздерін естіп әсерленіп тағлым алған ол есейе келе бүкіл Оңтүстік өлкесіне аты мәлім Молда Мұса, Қызыл Жырау, Айтбай секілді ақындардан өнеге алып, заманалық үлкен оқиғаларды, тарихи тақырыптарды жырлады. Мерзімді баспасөзге «Құттықтау» (бұрынғы Шәуілдір аудандық «Социалистік Шәуілдір» 1936), «Құмкөл серіктестігі» 
(Түркістан аудандық «Қызыл Түркістан», облыстық «Оңтүстік Қазақстан»), Тарихи этнографиялық очерк «Қазақ батыры келген күн» (Отырар аудандық  «Отырар алқабы») атты шығармалары жарияланған.       Сәдуақас ақынның шығармаларын тақырыбына қарай талдасақ, оның көп шығармалары біздің заманымыздың ХVІІІ ғасырының екінші жартысынан бастап құлазып қалған Отырар көгалды алқабында 1930 жылы күзде қашан да мемлекет күш-көмегімен жұмыс істеп келген, әсіресе, орта ерекше қарқынмен дамыған ежелгі Отырар суландыру жүйесінің Арыс өзенімен сағалас ескі бір сілемімен оман-арық қазылып,  Арысқа тоған салудан басталған жаңа өмірдің тыныс-тіршілігіне, тарихи тақырыпқа  арналған. Жалпы, Сәдуақас Жақашұлы өзінің туып-өскен өлкесінің өткені мен бүгінінің, онымен өзектес болған өз өмірінің де тарихи эпопеясын жазып кеткен ақын. Ақынның түңғыш шығармалар жинағы А.Жұмашевтың құрастыруымен 2008 жылы «Сәдуақас ақын» деген атпен жарыққа шықты.
 

АЙТБАЙ БЕЛГІБАЕВ (1887-1961)

Түркістан төңірегіндегі Қарнақ, кейін Бұқара медреселерінде оқып, араб, парсы тілдерін үйренген Айтбай Белгібаев қазіргі Отырар ауданының Маяқұм ауылында 1887 жылы дүниеге келіп, 1961 жылы сол жерде өмірден өтті.       Жасынан қисса, жыр айта бастайды. Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса, Шәдітөре, Қызыл жырау (Мырзабек), жырларын жаттап үйренеді. Ташкент мектептерінде дәріс бере жүріп, «Арманда» деген ғашықтық дастанын жазады. Бұл шығарма 1928 жылы Әбубәкір Диваевтың қолына түседі. Оның бетіне Диваев «Роман в стихах о любви молла Айтмухамеда к русской девушке Марье» деп жазады. Бұл дастан Қазақ ССР ғылым академиясындағы кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы. Ақынның «Шырын-Жігер» қиссасы 1913 жылы Ташкентте басылып шықты. Мұнда бір үйлі жанның аянышты тағдыры хикая етілген.       Айтбай совет тұсында оқу-ағарту, мәдениет ісіне белсене араласып, мұғалім болды. Көптеген өлең-жырлар («Жалшының зары», «Қос жетім», «Жетім қыз күйі», «Бай мен жалшы», «Тыңда, кедей», «Ұлы заң», «Қоқаннан қашқан Нарбота», «Октябрьге 20 жыл» т.б.) шығарды. Айтыстары («Айтыс», 3-том, 1966), өлеңдері («Пернедегі термелер», 1965) жинақтарында жарияланды.     Отан соғысы жылдары «Жеңіс жақын», «Біз жеңеміз», «Майданнан қайтқан жауынгер», «Қуанышты хабар», «Жүрек сезімі», «Серпін» өлең жырлары мен Совет Одағының Батырлары Темірбек Ибрагимов, Сейітқасым Әшіровтер туралы «Темірбек батыр», «Сейітқасым батыр» дастандарын жазды.

ТӘУШЕН ӘБУОВА (1932 - 2004)

     Отырардан шыққан атақты суырып-салма ақын Тәушен (Тәуіркөз) Жорабекқызы Әбуова 1932 жылы 2 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданының (қазіргі Отырар ауданы) Қостерек ауылында туылып, 2004 жылы осы ауданның Балтакөл ауылында 72 жасында дүние салды.       Ақынның арғы атасы қажы, бергі атасы молда болған кісілер екен. Ал, әкесі Жорабек те, үлкен шешесі Тұрған да, шешесі Нұрхан да ауы     лдағы той-кештің гүлі дейтін өнерлі жандар болған. Солардың салған әнінің әлдиімен, ана сүтімен келген таланты талпындырған болашақ айтыскер ақын мектепте жүргенде-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән салып,тақпақ айтқан.

     Тәушен түсінуге қарапайым ауыл тілімен-ақ тамаша теңеу, ұқсатулар Сөз табуға да шебер және өлең өнерімен таныстығы да бар үлкен өнер иесі. Оның осындай ақындық дарындылығы танылған жанр – айтыс. Тәушеннің нәр алған, қаныққан кәусар бұлағы – қазақ халқының сан ғасыр жасаған аса бай және көркем ауыз әдебиеті мен өзінің ұлы ойшыл жерлестері Әбу Нәсір әл- Фараби, Қожа Ахмет Ясауи тағлымдары, олардың ізбасарлары Мәделі, Ергөбек, Манат, Ұлбике, Майлықожа, Айтбай, Зияш, Сәдуақас, Қызыл жырау т.б. ақын- жыраулардың өлең өнері болатын. Сондықтан да ол үлкен айтысқа кеш келсе де, айтыстың есігін ерте ашқан, өмірлік білім- тәжірибесі шыңдалған шеберлігі мол, жоғарыда аты аталған ақындар мектебінен үлгі- өнеге алған Көпбай, Манаптармен терезесі тең айтысқа түсіп, оларда қашанда талантына табындырып, тау суындай тасқынды жойқын өлең нөсерінде қалғандай әсер қалдырған.
Тәушен айтысты халық өмірінің бізге жеткен рухани ескерткіші деп санаған. Сондықтан ол айтыстың дамуына айрықша күш салып, айтыста өзіндік дәстүрдегі Тәушен мектебін қалыптастырды.

  Тәушеннің тұңғыш шығармалар жинағы 2005 жылы «Тәушен» деген атпен   Қ. Айтаханов пен А. Жұмашевтың құрастыруымен баспадан шықты. 
 

СЕЙТІСХАН КІШІБАЙҰЛЫ (1937 – 2013)

Сейтісхан Кішібайұлы   1937 жылы Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында туған. Шәуілдір ауылындағы Жамбыл орта мектебін бітіріп, Шымкент қаласындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа түседі. 1963 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, туған еліне оралады. 1964 жылдан аудандық жастар ұйымының бөлім бастығы,  ІІ хатшы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1975 – 1986 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1989 – 1994 жылдары Шәуілдір ауылдық Кеңесінің төрағасы, одан соң  «Арыстанбаб – отырар Әлемі» ассоциациясының,  «Сарыкөл» балық шаруашылығының президенттері қызметтерін атқарған.
   1993 жылы  «Атыңнан айналайын қазақ деген» атты өлеңдер жинағы, 1998 жылы  «Данасы бар елдің панасы бар» атты мақал – мәтелдері, ал 2003 жылы  «Отырар жұлдыздары» атты кітабы  жарық көрген.
 

ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВА (1950-2021)

Халқымыздың талантты ақын қызы, Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22-cәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Көксарай ауылында туылған. Сыр бойының сүлейі Ергөбек Құттыбайұлының немересі.

       Әселхан ұзақ жыл Шәуілдір қыстағындағы метеорология станциясының метеорологы болып істеп, ауа райын болжауда халық шаруашылығы үшін аса қажетті метеорологиялық деректер беріп, ел экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосты.

       Ол Отырар мемлекеттік археологиялық корық-музейінде істеп, музейдің ғылыми–зерттеу, ғылыми-ағарту, ғылыми-көпшілік т.б. сан-салалы жұмыстарын тындырымдылықпен атқарып, білім- тәжірибесін, беделін ұлттық асыл мұрамызды жинауға, сақтауға, зерттеуге, ел игілігіне айналдыруға жұмсаса, кейін Отырар аудандық мәдениет бөлімінде істеп, егеменді Республикада тұңғыш рет «Ақындар мектебін» ашып, туған халқымыздың сан ғасырлық тарихы бар ғажайып айтыс дәстүрін қайта жандандыру мақсатымен ғалым, ақын–жазушылар Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, Н.Ғабдуллин, М.Әлімбаев, С.Иманасовтардың ақыл-кеңесімен ХХ ғасырдың 80-жылдары ел ішінен айтыскер таланттарды іздеп, тауып Жүрсін Ермановпен бірге телевизиялық айтысты белсене ұйымдастырып, өзі де талай-талай айтысқа түсіп, бас жүлделерді жеңіп алып, Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаров, Анар Жаппарқұлова, Маржан Есжанова, Елена Әбдіхалықова, Ханша Райсова, Гүлнұр Садыбаева т.б. жас айтыскер ақындардың өрелі бір тобын тәрбиелеп шығарды.

        Талантты ақын Түркиядағы, Ташкенттегі халықаралық ақындар айтысына қатысып, жеңімпаз атанған. Арқалы ақынның «Алладан пәрмен сұраған» (1999), «Басыңды тікпей бақ қайда?» (2001), «Әселхан әлемі» (2008), «Сырттап кеткен тамырлар» (2004) кітаптары жарық көрген. Ақын атасы Ергөбек Құттыбайұлы шығармаларының толық жинағын «Ергөбек шығармалары» деген атпен құрастырып шығарды (2010).

        Ол қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, бірнеше рет кеңес, мәслихат депутаттығына сайланды.

         Әселхан Қалыбековаға 1990 жылы 9 Сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі президиумының Указымен қазақтың халық ауыз творчествосын дамытуда сіңірген еңбегі және еңбекшілерге адамгершілік–эстетикалық тәрбие беру жөнінде белсене қызмет атқарғаны үшін «Қазақ ССР халық ақыны» құрметті атағы берілді. «Отырар ауданының Құрметті азаматы»,  «Парасат», II дәрежелі «Достық» орденінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі». 

МҰХТАР ШАХАНОВ

Шаханов Мұхтар 1942 жылы 2 ақпанда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының халық жазушысы (1996). Қырғыз Республикасының халық ақыны. Ата Түрік мәдени орталығының құрметті мүшесі (1999), Халықаралық Калифорния академиясының академигі. Шымкент педагогикалық институтын бітірген (1969). Еңбек жолын трактордың тіркеушісі ретінде бастаған. 1961-65 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер. 1965-70 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Оңтүстік облысындағы тілшісі, 1971-76 жылдары Қазақстан Республикасы телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінің аға, бас редакторы, 1976-79 жылдары Қазақстан Республикасының баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1980-84 жылдары Қазақстан ЛКСМ ОК-ті жанындағы шығармашылық жастар кеңесінің төрағасы. 


1984-93жылдары «Жалын» журналының бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1986 жылдан). 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі. 2004 жылдан ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы. Алғашқы өлеңі «Сырдария» 1959 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Бақыт» 1966 жылы жарық көрді. Кейін махаббат, достық тақырыбындағы адамгершілік абзал қасиеттерді жырлаған. «Балладалар» (1968), «Ай туып келеді» (1970), «Қырандар төбеге қонбайды» (1974), «Ғашықтық» (1979), «Махаббатты қорғау» (1982), «Ғасырларды безбендеу» (1988) атты өлеңдер, балладалар мен поэмалар жинақтары басылды. Берік достық, адал махаббат, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін «Танакөз» (1970); Сырдария туралы көне аңыздың желісіне құрылған «Сейхундария» (1974), жастық шақты жырлауға арналған «Күре тамырды іздеу» (1975), көне дәуір мен бүгінгі өмір адамдарын шендестіре суреттеп, философиялық ой түйетін «Сенім патшалығы» (1977) , махаббат триптихтерінен тұратын «Махаббатты қорғау» (1978), халық қамы үшін күрескен патриот ақын Махамбет өмірінен алынған «Нарынқұм трагедиясы» (1980), көне қала Отырар тағдырына арналған «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» (1982) атты поэмалары жарық көрді. «Махаббат заңы» (1974), «Сенім патшалығы» (1977), «Көкейтесті» (1987), «Ночь воспоминаний о Сократе или суд на шкуре  туполобого» (М. Шаханов, Ш. Айтматов, 1998), т.б. поэзиялық пьесалары театр сахналарында қойылды.

БЕГАМАН СҰЛТАЕВ

Сұлтаев Бегаман 1941 жылы Шымкент облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Б. Сұлтаев алғашқы өлеңін 1986 жылы жазған. Өлеңдері аракідік республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрген.
    Ақынның  «Бойында тудым Арыстың» атты өлеңдер жинағы 2002 жылы жарық көрді.
    Отырар ауданының құрметті азаматы.
 

ӘБДІМАНАП ӘУЕЛБЕКОВ

Әбдіманап  Жамалбекұлы Әуелбеков  1953 жылы 14 – сәуірде Отырар ауданы, Маяқұм ауылында туған. 
1976 – 1980 жылдар аралығында комсомол қызметкері болғды. 1976 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірген. 1976 – 1978 жылдары Марксизм – Ленинизм университетінің идеология факультетін, 1977 жылы Алматыдағы Республикалық комсомол мектебінің арнайы курсын бітірген. Жоғары санаттағы мұғалім, ҚР Журналистер Одағының    мүшесі. Қаз ССР Жоғарғы Советі Грамотасының иегері. 1978 жылы жұмыс барысымен Болгария, Румыния, Югославия, Венгрия, Словакия, Чехия және Германия елдерінде болған.
«Талантқа тағзым»  (2004 ж.),   «Отырар энциклопедиясы» (2005 ж.),  «Шежірелі Отырар» (2005 ж.) және  «Отырар – Ұлылар елі» (2015 ж.) кітаптарында ғылыми ізденістері, өлеңдері, мақалалары жарық  көрген.
 

ЖҰМАХАН ӘБДИЕВ

Әбдиев Жұмахан Бегманұлы 1954 жылы 10 – наурызда Шәуілдір ауданы, Отырар колхозында дүниеге келген. 1961 – 1971 жылдары Отырар орта мектебінде оқыды. 1973 – 1975 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери міндетін атқарды. Әскерден соң Арыс совхозында шофер және К – 700 тракторының жүргізушісі болды. Бойындағы таланты ұшталып, аудандық газетте өлеңдері жарияланып тұрады. Өзінің туған жерге  деген сүйіспеншілігінің арқасында өз ауылының өткен өмір тарихынан сыр шертетін мұражайды ашып, 2010 жылы жерлестерінің құрметіне бөленген. Ауданда ашылған 
М. Шаханов атындағы  «Әдебиет және өнер бірлестігінің» мүшесі. Қазір туған ауылында өзі ашқан ауылдық мұражайда жетекшілік етеді.
    Ақынның «Аманат» атты өлеңдер жинағы 2014 жылы жарық көрді.     
 

ЖҰМАГҮЛ НӘЛІБАЕВА

Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Ж. Нәлібаева 01. 03. 1962 жылы Созақ ауылы, Тасты ауылында дүниеге келген. 
   Ақынның алғашқы туындысы  - «Тәңір сыйы» атты кітабы 2012 жылы  жарыққа шықты. Бұл кітапқа ұстаз – ақынның этнопедагогика негізінде дамыта оқыту тәсілдері туралы оқу - әдістемелік үлгілері, басылым беттерінде жарық көргенәртүрлі жанрдағы дүниелері енгізілген.
    Ж. Нәлібаева қазіргі кезде Көкмардан орта мектебінде ұстаздық қызметте.  
 

РАУШАН МҰРАТОВА

Раушан Мұратова   1973  жылы Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген.
      2006 жылғы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлинге арналған облыстық жыр мүшайраларында жүлделі орынды иеленді.
2011 жылы  «Ауданның үздік ақыны» атағымен марапатталды.
2012 жылы  ақынның  «Сезім пернелері» атты кітабы жарық көрді.

МАРЖАН ЕСЖАНОВА

Маржан Есжанова 1971 жылы Отырар ауданы,  «Ескі Шілік» ауылында дүниеге келген.
Қазақ – Түрік университетінің филология факультетін бітірген. Айтысқа мектеп қабырғасынан бастап қатысқан. Мектепаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы. Содан кейін аудандық, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанған.
      Өнер жолында үлгі, өнеге беріп, дұрыс бағыт сілтеген ұстаздары – халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен ақын Жұмакүл Нәлібаева.
      Маржан бүгінде өзі бітірген Қазақ – Түрік университетінің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасында қызмет істейді.  
 

БЕКАРЫС ШОЙБЕКОВ

Бекарыс Шойбеков  14.04. 1976 жылы  Отырар ауданы,  Отырар ауылында дүниеге келген.  Айтыскер ақын   Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ-түрік университетін 1997, осы университеттің магистратурасын  1999, аспирантурасын  2002  бітірген. 1988 жылдан облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып келеді. Жамбылдың 150 жылдығына арналған халықараралық айтыстың, Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республика айтыстың, Ташкент және Түркістан қалаларында өткен Түркістанның 1500 жылдығына арналған халықараралық айтыстардың, «Ұлытау үні» фестивалінің, 2004 ж. Шымкент қаласында өткен республика Наурыз айтысының, Н.Оңдасыновтың 100 жылдығына арналған республика айтыстың бас жүлдегері. «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы, облыстың 2004 жылғы ең үздік ақыны. Дүниежүзілік жас түрік жазушылары одағының Қазақстандағы өкілі. 

АНАР ЖАППАРҚҰЛОВА

Анар Жаппарқұлова 1977 жылы Отырар ауданы,  Шәуілдір ауылында туған. Мектеп жасынан облыстық, республикалық деңгейлерде өткен оқушылар арасындағы айтыста жүлделі орындарды иеленген ақын. Қ.А. Йассауи атындағы Қазақ – Түрік университетінің филология факультетін бітірген. Бүгінгі таңда осы университетте қызмет жасайды.                                                                                                                Ақын Анар С. Ерубаевтың 80, қоғам қайраткері Н. Оңдасыновтың 90, Молда Мұса Байзақұлының 150 жылдығына байланысты айтыстарда, Оралхан Бөкейді еске алуға байланысты Өскемен қаласында өткен сайыста және Астана қаласында өткен  «Ана тілім ардағым» атты сайыста, сондай-ақ облыстық, республикалық ақындар айтысында жүлделі орындарды иеленіп, биіктен көрініп келеді.

СЕРІК СЕЙІТМАН

Серік Сейітман 1982 жылы 6 қаңтарда Отырар ауданы,  Шытты ауылында дүниеге келген.                                                                                                                                
            Халықаралық  «Шабыт» фестивалінің 1 – дәрежелі лауреаты,  К. Райымбекұлы және Т. Айбергенов атындағы сыйлықтардың иегері, «Шалқар» ұлттық радиосының Бас редакторы. «Қазақтың қаны»,  «Қарашаңырақ» кітаптарының авторы. «Қарашаңырақ» атты кітабына ақынның  «Отырардағы оқиға» поэмасы, «Қырсық қызға қолтаңба» атты  балладасы және бірқатар лирикалық өлеңдері еніп отыр.