Тәуелсіз Қазақстанның ең бір қасиетті мекені, қазіргі таңда мәдени мұралары әлемдік деңгейге танылған Отырар ауданына биыл 90 жыл толып отыр. Ауданымыздың өткеніне көз жүгіртіп, тарихы мен мәдениетін құрметтеу мақсатында «Отырар» кітапханасының ұйымдастыруымен Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында «Жері қасиетті, тарихы өсиетті Отырар» атты оқырмандар конференциясы болып өтті.
Арнайы жасақталған кітап көрмесінен бастау алған бұл шарада «Отырар – туған өлкем!» бейнеслайды көпшілік назарына ұсынылды. Шара барысында арнайы шақырылған қонақтар – зейнеткер-журналист Файзулла Рахматуллаұлы, зейнеткер-ұстаз Бақытжан Сапарбай, өлкетанушы Бекжан Бейсенбай ағаларымыз тарих қойнауынан сыр шертіп, өңірімізден шыққан дара тұлғалар және ауданымыздың құрылуына, экономикасы мен мәдениетінің дамуына ерен еңбегі сіңген азаматтар туралы әңгімеледі.
Туған жеріміздің әрбір сайы мен қырқасы, төбесі мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай аңыз-әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Осы орайда музей қызметкері Нұрлан Сералы баяндама жасап, көптеген мағлұмат беріп өтті.
Оқырмандар тақырып аясында сөз қозғап, тамырын тереңге тартқан Отырар тарихы ерекше мәнге ие екендігін айтып өтті. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері жергілікті ақындардың Отырар жайлы өлеңдерін жатқа оқыды.
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.