2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін құру туралы бастамасын қолдап, 23 сәуірді – Ұлттық кітап күні деп белгілегені өте құптарлық шешім болды.
Бұл – кітаптың қоғамдағы алатын орнын, рухани байлық пен білімнің маңызын айқындайтын айтулы күн.
Ұлттық кітап күнінің белгіленуі – кітап оқуды насихаттауға, жастарды рухани дамуға жетелейтін маңызды қадам. Бұл күн – оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтып, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыратын тамаша мүмкіндік деп білемін.
Бұл күні Отырар аудандық орталықтандырылған «Отырар» кітапханасы аудан тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттырып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында кітапқа қатысты түрлі іс-шаралар апталығын өткізуде.
Атап айтқанда: ашық есік күндері, кітаптар көрмесі, кітапхана түні, әдеби байқаулар, ақын-жазушылармен кездесулер т.б. ұйымдастырылып жатыр.
Ұлттық кітап күні – бұл жай ғана дата емес, бұл – әр адамның жүрегіндегі білімге, ойға, сөз құдіретіне деген құрметтің белгісі дей келе, өзім оқыған Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабын оқуға ұсынамын.
Бұл кітап – автордың жүрегінен шыққан терең естелік, сырға толы шығарма. Ақберен Елгезек “Болмаған балалық шақ” арқылы өз өмірінің қиын кезеңдерін, балалық шағындағы ауыртпалықтар мен жүрек тебірентер оқиғаларды баяндайды. Әрбір қазақ баласы үшін ерекше, әрі мәнді туынды десек, артық айтпаймыз. Өмірдің қиындықтары мен қуаныштарын қатар көрсететін бұл кітапты оқи отырып, әрбіріміз өз балалық шағымызды қайта еске аламыз.
Ұлттың ұлы қазынасы – кітап! Кітаппен дос болған адам дүниенің ғажабын танып біле алады. Сондықтан білімнің көкжиегін тек кітаптан ғана табатынымызды ұмытпайық.
Ұлт руханиятының діңгегі болған кітаптың мәртебесі асқақтай берсін!
Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын!
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.