Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
03 Mar 2025

Спорт

 

Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды келеді. Біздің ата - бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.

Осы орайда аудандық орталық кітапханада Отырардың атын әлемге танытқан спорт саңлақтарының жұлдызын жаққан жаттықтырушылар және спорт жеңімпаздарының қатысуымен «Жүректерде қайсарлықтың оты бар, ерлерімен бақытты ғой Отырар» атты кездесу кеші болып өтті.

«Менің жарысқа барарда арқама асып алатын жол дорбамның түбінде үнемі кітап жүретін. Кітаппен бала күнімнен дос болдым» деп әлем чемпионатының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров айтқандай, бүгінгі кездесудің кітапханада өтуі де жайдан-жай емес. Мақсатымыз - Жақсылық балуанның жеңісті жолын жалғап келе жатқан бүгінгі толқынның білімге деген құштарлығы мен кітапханаға деген құрметін көрсету.

Кешті кітапхана директоры Р.Пернебаева алғы сөзбен ашып, арнайы шақырылған қонақтар мен оқырмандарға ізгі тілегін білдірді. Кеш барысында отырарлық спортшыларға арнап дайындалған бейнеролик көрсетілді. Отырар ауданының Құрметті азаматы, үздік жаттықтырушы Бексұлтанов Нышанбек тақырып аясында әңгіме өрбіте келе, шәкірттерінің жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар спорт жеңімпаздары өздерінің жетістікке жету жолындағы әсерлі әңгімелерін айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Кеше ғана әлемдік бәйгеде ел намысын қорғап, алтын медальмен оралған әлемнің үш дүркін чемпионы Жұмажан Қожамбеков бұл жеңісте өзінің жаттықтырушысы, Азия, әлем чемпионаттары белестерін бағындырған Уайсов Ұлықбек ағасының да еңбегі зор екендігін айтып өтті.Сондай-ақ, аудан өнерпаздарының патриоттық әндері кештің шырайын ашып, көпшілік тәрбиелік мәні зор шарадан риза болып тарқасты.