Қазақ халқының сөзге тапқыр, шешендігін ескерсек, балаларға ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ертегі арқылы табиғаттың сырын сезініп, халықтың әдептілік ұғымдарын бойына сіңіреді. Бала қиялына қанат бітіреді. Ой-өрісін дамытады.
Олай болса халыққа қорған, ата-анасына қамқор тұлға қалыптастыру үшін балаларымызды ертегімен тәрбиелейік!
Құрметті оқырман, 2023 жылы «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Нарымбетова Бейсенкүл ханымның қолдауымен республикалық «Ақылдым» журналы және «Фараб» кітапханасы бірлесіп «Ақылды балаға сыйлыққа - Ақылдым» облыстық балалар байқауын ұйымдастырған болатын.
Назарларыңызға сол байқауға қатысқан Тұрдалы Сымбаттың жазған «Сиқырлы көзілдірік» ертегісін ұсынамыз.
Ерте заманда бір диқаншы өмір сүріпті. Оның жан дегенде жалғыз ұлы болыпты. Әлгі бала кітап оқуға өте құмар болғаны сонша, жатса да тұрса да кітап оқиды екен. Кітап оқуға деген қызығушылығы қатты артқан бала, күнде ұйықтар алдында өз мекеніндегі кітапхана кітаптарын қалай тез оқып тауыссам екен деп армандайды екен. Сондай арманмен күндердің бір күнінде егін басында әкесіне көмектесіп жүріп, түс уақытында қолына кітабын ұстаған күйі қатты шаршап ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бір ақ киімді, қолында көзілдірігі, қолтығында ақ қалтаға салынған кітабы бар қария келіп:
- Балам сен кітап оқығанды жақсы көресің бе?-деп сұрайды.
- Әрине, кітапсыз өмірімді елестету мүмкін емес, -дейді бала.
- Ендеше, мені тыңда, мен сенің бойыңа қазір ерекше қасиет дарытамын.
- Ол қандай қасиет, ата?
Сонда қария ақ қалтаға салған кітапты қалтасынан шығарып, баланың қолына ұстатады да, былай дейді:
- Кітаптың кез келген бетін аш та басыңа қой. Сосын кітапты қайта
қолыңа ал да, сыртқы бетін оң алақаныңмен сипа - дейді.
Бала дәл қария айтқандай кітаптың кез келген бір бетін ашып, басына қойып, қайта қолына алып енді оң қолымен бетін сипай бергені сол еді, кітаптағы сансыз ақпараттар санасында сайрай бастады. Бала аң-таң. Бұл қалай деп ақсақалға таңырқай қарап:
- Сонда... сонда... кез келген кітапты осылай жасасам, миыма оңай қона
кетеді ма енді,- деп бала қатты қуанғанын жасыра алмады. Сонда ақсақал:
- Ерте қуанба балам. Бұл қасиет кез келген кітапқа және кез келген адамға дарымайды. Оны тек сен орындай аласың. Бұл қасиет өзің ұстаған кітапқа және бірнеше ғасырлардан бері ешкім оқымаған, топырақ үйіндісінің астында жатқан кітаптарға ғана дариды, - дейді. Бала ойланбастан ол қандай кітаптар, ол кітаптар қайда, ата? Айтыңызшы - деп сұрайды. Ақсақал балаға былай деп тіл қатады:
- Сонау Фараб деген ескі шаһарда, бұрынырақта, жаугершілікте қирап қалған үлкен, ең бай, әлемге әйгілі кітапхана болған. Ол кітапхананы тапқан адам әлемдегі ең бай адам болады. Оны әлі ешкім тапқан жоқ. Онда көптеген, ішінде аса құнды деректер сақталған кітаптар шаң басып, топырақ астында жатыр. Сол кітаптарға ерекше қасиетіңді қолдансаң, бәрі миыңа қона кетеді. Егер сен сол кітаптарды тауып, дәл мен айтқандай жасайтын болсаң, саған одан да сиқырлы, ерекше қасиетті мына көзілдірігімді сыйға тартамын. Бұл көзілдірікті тақсаң, сен әлем таныған ғұлама боласың. Бұл көзілдірікті алу үшін сен айтылған шартымды бұлжытпай орындауың керек - дейді де, ақ киімді қария қолындағы кітапты балаға қалдырып, көзілдірігін өзімен алып, ғайыптан жоқ болып кетеді.
Сол сәтте бала түсінен шошып оянса, айнала жап жарық, шаңқай түс екен. Екі қолына қараса, сол қолында өзінің оқып жүрген кітабы, ал оң қолында әлгі түсінде ақсақал берген ақ қалтадағы кітабын ұстап жатыр екен. Бала дереу отыра қалып, түсінде көрген- білгендерін екі кітапқа да жасап көреді. Ақсақал айтқандай әуелі өз кітабын ашып, басына койып, оң қолымен сипағанда ештеме өзгермейді, ал ақ қалтадағы кітапты ашып, басына қойып, оң қолымен сипағанда аузынан күбір-күбір етіп кітап ішіндегі сөздер төгіле бастайды. Бала таңданып, түсінің шынайы екенін ұғынып, әлгі қария айтқан ескі шаһарды іздеуге кіріседі.
Бала өз елінің көреген, көп жасаған қариясына барып, Фараб деген шаһар туралы естіп-білгенін, қай мекенде орналасқанын сұрап алады. Бір күні бала әке-шешесіне болған жағдайды баяндап, анасы мен әкесінің ақ батасын алып, ұзақ жолға қамданып жалғыз өзі шығады. Бала жолда түрлі қиындықтардан өтіп, күннің ыстығына қарамай, әлгі түсінде ақсақал айтқан ескі мекендегі кітапхана үйіндісін ақыры іздеп табады. Балаға бәрінен ауыры бетін қаншама ғасырлар бойы топырақ басып қалған үйіндіні қазу еді. Себебі кітаптарды өте тереңдікте топырақ көміп қалған еді.
Бала қанша уақыт қазғаны белгісіз, жаз өтіп, күз келгенде күрегінің ұшы кітапқа тие бастайды. Бала қуанғаны сонша, көзінен жас шығып кетеді. Сөйтіп бала түсінде ақсақал берген ерекше қасиетін пайдаланып, сан мыңдаған кітаптарды бір-бірлеп санасына тоқи бастайды. Әр кітап санасына оңай қона кеткенін біліп отырған бала шаттанып қуанады. Әлгі сансыз кітаптарды солай ерекше қасиетімен бойына дарыта отырып, соңғы кітапты біткенде өзінің шаршағаны соншалық қатты ұйқыға кетеді. Ұйықтап жатқанда әлгі ақ киімді қария тағы да түсіне кіреді. Қария қолындағы көзілдірігімен келіп, балаға:
- Сен менің айтқан шартымды бұлжытпай орындадың, енді мен саған,
уәде еткендей, мына сиқырлы көзілдірігімді сыйға тартамын. Бұл көзілдіріктің сиқырлы қасиеті сол, осы көзілдірікпен әлемдегі кез келген кітапты оқысаң, ондағы деректер көзіңмен жатталып, санаңда хатталады. Ол ақпараттарды кез келген уақытта қажетіңе пайдалана аласың. Бұл көзілдірікке көзіңнің қарашығындай қара. Сосын оны уақытың таусылар шағында ең үздік деп тапқан шәкіртіңе сыйла - дейді де шал көзден ғайып болады. Сол сәтте бала ұйқыдан оянып кетеді. Оянса, қолында түсінде қария берген көзілдірігі. Бала көзілдірігі мен тапқан сан мыңдаған кітабын сол елге дереу хабарлап, түйеге қомдап, еліне қайтады.
Арада бірнеше жыл өткенде әлгі бала ұлы даланың ұлы ғұламасы атанады. Ескі шаһардағы ешкім таба алмаған әлемге әйгілі кітапхананы тауып, ондағы аса құнды кітаптарды тауысып оқып, сиқырлы көзілдірігімен бүкіл ғылымды, тілді игеріп, әлемге танымал ұлы дана болады.
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.