Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
05 Apr 2024

СТУДЕНТКЕ АРНАЛҒАН БЕС КЕҢЕС

Студент қызым 5-ші курстағы оқуын бастар кезде айтқан 5 кеңесім:

1. Әрқашан абайлап жүр! Үйде де, түзде де. Күндіз де, түнде де. Құдай «Сақ болсаң сақтаймын» деген. Барлық нәрседен сақтан және әрдайым сақ бол. Сен бізге, елге, ұлтқа керек екеніңді ұмытпа!

2. Басты байлық - денсаулық. Денсаулығыңды күт. Уақтылы тамақтанып, уақтылы демал. Күн тәртібіне бағына біл. Тамақтан ақша үнемдеймін деп асқазанын құртып алған студенттер қатарынан болма. Сондай-ақ сыры беймәлім нәрселерді ішіп-жеуден аулақ бол. Бөтен ортадағы отырыстарға барудан тартын!

3. Күн сайын біліміңді жетілдіріп отыруды дағдыңа айналдыр. Күнде бір пайдалы нәрсе оқып, жаңа нәрсе білуге тырыс. Ізденісті серік ет. Онымен қоса таным көкжиегіңді кеңейту басты назарда болсын. Бұрын көрмеген, білмеген рухани-мәдени орындарды аралап тұруды ойдан шығарма, бұл орайда жаныңа жақсы серіктер, достар топтастыр. Осы бағытта өзің үшін аптасына кемінде бір жаңалық ашуды жоспарлап, оны жүзеге асыратын бол!

4. Жақсы досың болса - жаныңның бір байлығы. Аралас-құралас адамдарды ойша електен өткізіп, оларды іріктеп-сұрыптауға ден қой. Адал, сенімді, әділ достарды тани біл, таңдай біл. Алдында максаты бар, арманы биік, әрдайым алға ұмтылушы адамдарға жақын жүр. Ал артқа тартушылармен, мақсаты бұлдыр жандармен алыстан сыйласуға тырыс. Жұрттың бәрімен бірдей жақсы дос болу мүмкін емес екені есіңде жүрсін!

5. Болашақ ертеңнен емес, бүгіннен басталады. Ол басталып та кетті. Оқуды бітіргеннен кейінгі өмірде істі неден бастауды білмей дағдарып қалудан ауыр нәрсе жоқ. Сол үшін ертеңгі өмірге алғашқы қадамды бүгін бастап қою керек. Студент бола жүріп, реті келсе, қызу жұмыстардың ортасынан табылуға тырыс. Мүмкіндіктерді мүлт жіберме. Лажы болса, бүгіннен бастап өз наныңды өзің тауып жеуді ойлан. Қолыңа диплом алғанға дейін-ақ өмірдегі өз орныңды адаспай тауып алуға ұмтыл!

Қысқасы:

- Осы кеңестерді құлағыңа құйып ал!
- Оларды нақты жүзеге асыр!
- Саған сенім артып отырған адамдардың үмітін ақта!

/ЖАЗУШЫ – ЖУРНАЛИСТ ИСА ОМАРДЫҢ ПАРАҚШАСЫНАН/.