Жалғыздық - адамға әуелі қорқыныш сезімін сыйлайды екен. Жалғанда өзің ғана секілдісің. Тіршілік біткеннің барлығы саған жау, бәрі саған қауіп төндіретін секілді. Қорқынышты жеңген адам ғана бұл дүниенің төріне шыға алады. Мен де сөйттім. Абалаған итке қарсы жүгірдім. Биік боп көрінген жардан секірдім. Жұдырығын тигізген балаға қарсы атылдым. Ешкімнен қаймықпайтын болдым. Жарақат алсам, жыламайтынмын. Көңіліме тисе, іштей ғана егілетінмін. Іштегі жасқа көбірек малынғаннан ба, әйтеуір, жүрегім ешқашан қатайған емес. Елжірек болсам да, былжырақ болғаным жоқ.
Шөпті де, талды да еркелетіп, ұшқан құсқа сәлем жолдап, жәндік біткеннің барлығына жаным ашып тұратын. Тіпті, төрт түлігі сай баланың жылағанына дейін жүрегіме ауыр тиетін. Сотқар болғаным рас. Бірақ менің сотқарлығым – қорғаныс еді, ардақты оқырманым. Қорғаныс еді.
Елгезек Ақберен. «Болмаған балалық шақ» кітабынан
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.