Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
12 Nov 2024

«Ecosopy немесе киелі табиғат»


...Ертеде Шын елінің ханшайымы тұт ағашының көлеңкесінде шәй ішіп отырады. Бір кезде кесесіне жібек құртының пілләсі түсіп кетеді. Ханшайым пілләні қалқып, суын сығады. Байқап көрсе, піллә жіп сияқты тарқатылады екен. Ханшайым оны иіріп алады да, көйлек тоқиды. Осылайша жібек мата пайда болады. Кейін бұл мата Еуропа елдеріне тарап, Ұлы Жібек жолын жасапты.

...Ертеде қытайлар жібек өндірудің сырын жан баласына айтпапты. Тұт ағашы мен жібек құртын ешкімге бермейді екен. Бір күні түркінің бір батыры Шың еліне қыдырып барады. Сол жақтағы қолаң шашты қызға үйленеді. Қыздың шашын қырық өрім етіп өргізеді де, әр өрімнің түбіне бір, ұшына бір жібек құртын жасырып, сексен дана жібек құртын еліне алып өтеді. Сөйтіп мата жасаудың құпиясын ашады. Осыдан бастап, қыз-келіншектердің бұрымын ұсақ етіп өру дәстүрге айналыпты.

...Яссауи бабамыз зікір, салауатты көп айтумен жүрек көзін ашқан соң, Тәңірісі оған керемет дарытыпты. Таң намазын оқығанда, парызын Түркістанда, сүннетін Қағбада оқиды екен. Бір күні Түркістанда таң намазын оқиын десе, өзге шәкірттері дайын отыр екен де, Сүлеймен жоқ. Әзірет намазын оқып болған соң, Шам қаласына қарай самғайды. Қараса, Сүлейменді патшаның адамдары ағашқа байлап қойыпты. Әзірет Сұлтан төбеден төніп келеді де: «Әй Сүлеймен, соз қолыңды!» дейді. Сүлеймен қуанып кетті. Яссауи «Иә, бісміллә» деді де, баланы тартып қалып еді, тұт ағашы тамырымен бірге жұлынды. Көкке көтеріліп, «Түркістан қайдасың» деп зымырай жөнеледі. Көкте қалықтап келе жатқанда ағаштың ұрығы Ұлы далаға шашылып кетті. Осыдан бастап Түркістан жерінде тұттың көшеті көгере бастады.

Міне, сол тұт ағашы Отырар жерінде де өніп, өседі. Тұт ағашынан отырардың халқы да жібек құртын өсірген екен.

Ендеше, ауданымыздағы Қоғам ауылында жібек құрты өсірілгені туралы мәлімет беретін азаматтар болса, асыға күтеміз.

Деректер Отбасы хрестоматиясының «Ecosopy немесе киелі табиғат» кітабынан алынды.