Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
18 Sep 2024

«ӘЛЕМДІ КІТАП АРҚЫЛЫ ТАНИМЫН» БАЙҚАУЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ


Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» жобасы аясында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған, ең көп оқитын оқырман балалар арасында өткен «Әлемді кітап арқылы танимын» атты аудандық іріктеу байқауы Отырар аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен мәдениет сарайында өтті.

Байқаудың мақсаты - ұлттық әдебиетіміздегі үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерлету, балаларға рухани – адамгершілік және патриоттық тәрбие беру.

Республикалық «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында, қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ балалар әдебиетінің жазушысы, 2024 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармасы таңдалды.

Байқауға балалар кітапханасы мен ауылдық кітапханалардан 11 оқырман қатысты.

Байқау 3 кезеңнен тұрды.

1-кезең бойынша: «Менің отбасым және кітапхана» бейнеролик. Қатысушы кітапхана мен отбасын байланыстыра отырып, кітап оқу дәстүрін насихаттап бейнеролик немесе слайд дайындайды. Қатысушылар сол материалға сүйеніп, көрермендер мен қазылар алқасының алдында қорғап шығады.

2-кезең бойынша: «Балалық шаққа саяхат» - бұл кезеңде қатысушы оқырмандар өз отбасымен бірге Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасынан үзінді сахналық көрініс көрсету керек.

3-кезең бойынша: «Зияткерлер алаңы»- Сұрақ-жауап. Зияткерлер алаңы кезеңінде қатысушылар берілген сұрақтарды таңдап алып, жауап береді.

Әділ қазылар алқасы қатысушыларды 3 кезең бойынша бағалап, Бас жүлдеге Ақтөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Умирхан Абдулла лайықты деп танылып, облыстық байқауға жолдама алды.

І орынды Қарақоңыр ауылдық кітапханасының оқырманы Жамалбек Нурислам, ІІ орынды Отырар ауылдық кітапханасының оқырманы Еркінбекқызы Маржан мен Темір ауылдық кітапханасының оқырманы Әжмахан Аян, ІІІ орынды Аққұм ауылдық кітапханасының оқырманы Тәліпбек Бектас пен Шәуілдір ауылдық кітапханасының оқырманы Төленбай Жаниялар иеленді.

Барлық қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.