Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
15 Aug 2024

#15_тамыз_Шәмші_Қалдаяқұлының_туған_күні


Шәмші Қалдаяқұлы: «Әр адамның өмірі секілді әр әннің де өз тарихы бар»

«Қуаныш вальсі» өмірге осылай келді

Елтай Мырзайұлы:

- Біз бүгін аттары бүкіл Қазақстанға мәшһүр болған Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов, Қалаубек Тұрсынқұлов барлығымыз алпысыншы жылдары ажырамас дос болдық. Сол достықтың белгісі емес пе, Мұхаң үйленгенде құдалыққа мен, Шәмші және Қалаубек төртеуміздің барғанымыз бар. Сол той кілең Шәмшінің әнімен өрнектелді десем қателеспеспін.

Той-думанмен таң да атты. Келінді шығарып салудың рәсімі басталып, той иелері апыр – топыр тіршілік қамына кірісіп кетті. Біз далаға шығып өзара пікірлесіп жатырмыз.

-Нағыз қуанышты сәт үйлену тойы ғой. Екі жастың қосылуы, былайша айтқанда қосылған қос өзен секілденіп...- дей берген Қалаубектің сөзін Мұхтар бөліп жіберіп:

- Қалеке, «Қосылған қос өзен секілденіп» деп қалдыңыз-ау! Бұл идеяңыз бір шығарманың тұздығы болуға сұранып тұрған сияқты екен, - деп қалды.

- Бірің сазгер, бірің ақынсың, жаңа идея туса, ол жағын өздерің шешіңдер, біз тыңдаушы болайық әрқашан, - деді Қалекең.

Көп ұзамай Шымкентте өткен комсомолдық тойда Шәмшінің тума таланты тағы да танылды. Мұхтар өлеңін жазып, Шәмші әнін шығарған «Қуаныш вальсі» әні тұңғыш рет осы тойда шырқалды. Қанша тыңдасаң да жалықпайтын сазды да назды әнді қалай тез шығарып үлгерді десеңізші. Бұл ән ғасырдан ғасырға кетері сөзсіз. Ең кереметі – Шәмші Мұхтар тойына өмірі ұмытылмас, ең үлкен сый әзірлей білді. Бұл осы ән еді.

«Бәрінен де сен сұлу» әні

Шәмші 1937 жылы «Халық жауы» ретінде атылып кеткен аяулы ағамыз Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне ән жазамын деп ойлаған емес. Себебі, Мағжанның өлеңіне ән жазбақ түгілі оның атын ауызға алудың өзі ол тұста өзін-өзі орға жығумен бірдей

болатын. Сөйте тұра, тағдыр оған Мағжан ағасының бір өлеңіне ән жазуды бұйыртты. Бұл өлеңді Шәмшіге қазақ радиосының музыкалық редакторы Мақсұт Майшекин ұсынып еді. Шәмші оның шын ақын екендігіне шүбәләнбаса да, өлеңіндегі

ойнақылық, қалжың аралас шындық, айтқа бергісіз шын сөздің ұнағандағы, өзін баурап алғандығы соншалық әнді тез жазды. Осылай «Бәрінен де сен сұлу» әні жылдам тарап кетті.

Әнінің жұртшылыққа ұнағанына бөркі қазандай болған Шәмші бір күні консерваторияда талтаңдап жүріп келе жатады, қасынан өтіп бара жатқан Ахмет Жұбанов тоқтай қалды. Қазақ музыкасының ең білгірі болып саналатын Ахаңның назарына іліну қиын іс екенін білетін Шәмші ұрлық істеп қойған адамша қыпаң ете қалды. Оны қыпаңдатқан да жүрегінің бір сұмдықты сезгендігі екен.

- «Бәрінен де сен сұлудың» өлеңін кім жазды? – деп сұрады Ахаң.

- Майшекин - деп жауап берді Шәмші.

- Өтірік. Оның авторы басқа. Ол - ұрлық өлең. Әйтсе де әнің тәуір екен деп Ақаң бұрылып кетті. Шәмші сілейіп тұрып қалды. Ол осылайша күйзеліп біраз жүріп Майшекинге телефон соғып «Ағай, шыныңызды айтыңызшы өлеңнің авторы кім?»- деп сұрады.

- Әй, бала мұндай әңгімені телефонмен айтпайды. Кешке үйге кел- деді Майшекин.

Кешке таман Майшекин есік, терезені қымтап жауып алып:

- «Өлеңнің шын авторы Мағжан Жұмабаев. Білесің бе сен ол кісіні? Біздер ол кісінің өлеңін оқып өстік. Сондай адамды атып жіберуі – бүкіл халықтың асыл қазынасына оқ атқандай болды. Мағжанның әрбір сөзі алтын секілді қымбат еді ғой. Сондай сөздің су түбіне кеткеніне шыдамадым да бір өлеңін тірілттім. Өлең Мағжандікі екенін білетіндер мейлі мені «ұры» дей берсін. Бірақ мен ол кісінің ең болмаса бір өлеңін кейінгі ұрпаққа ұрлап әкеп тастап кеткеніме бақыттымын. Ал сен кімнің өлеңі екеніңде шаруаң жоқ, сенің білетінің Мақсұт Майшекин. Мені бүгін түнде ұстап әкетсе де сенің атыңды атамаймын. Оқуыңды тыныш оқи бер. Бірақ, - деді Майшекин сөзін бір түрлі күңірене жалғастырып, - махаббат жайлы небір ғажап сөздер айтпаса да, «Өзім сүйіп ұнатқан бәрінен де сен сұлуды» айтқан Мағжан екенін ұмытпа.

- Мен сөйтіп ойламаған жерден Мағжан Жұмабаевпен де соавтор болған адаммын – деп мақтанып жүрді Шәмші.

«Теріскей» әні

Жаздың тамылжыған бір күнінде Шәкеңді қонаққа шақырған Жартытөбе бөлімшесінің меңгерушісі Ш.Оқшиев:

- Айналайын Шәмші, «Жартытөбе» совхозы кейіндеу құрылғанымен, бүгінгі таңда Қаракөл қой шаруашылығын өркендетуде Созақ ауданы ғана емес, республикада да алдыңғы орында. Сол себепті еңбекші халықтың көңілін көтеріп «Жартытөбеге» тамаша ән арнасақ деген тілегіміз бар – дейді. Қ.Архабаевтың Социолистік Еңбек Ері атағын аудан бойынша бірінші болып алғаны, аға шопан Б. Төлебаеваның КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болғаны, Созақтың тарихы – қазақтың тарихы емес пе?! Жартытөбеліктердің еңбегі қандай мақтауға да лайық дейді. Көп ұзамай Алматыдан ақын С.Асанов келіп, Жартытөбе, Шолаққорған ғана емес, жалпы Созақ өңіріне арнап «Теріскей» әнінің сөзін жазады. Бұл мәтінге осы өңірдегі тарихи орындарының атауы тегіс енеді.

Оңтүстік Қазақстан. 2015, 20 қаңтар. 6 -б.