Skip to main content

"Otyrar audandyq ortalyqtandyrylğan "Otyrar" kıtaphana jüiesı" komunaldyq memlekettık mekemesı

  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
12 Jan 2024

Ұлт мақтанышы Қонаевтың даналық ойлары

 

Дінмұхамед Қонаевтай мемлекет пен қоғам қайраткерінің өмірі тағылымға толы. Содан болар, ол кісінің айтқан әрбір сөзі қазіргі ұрпақ үшін тәлім-тәрбие беретін нақылға айналған. Даналығы бір төбе.

 

Ұлт мақтанышы Қонаевтың даналық ойлары:

****

Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.

****

Тарих боямалауды көтермейді. Бары да, шыны да осы... Әр кездің өз әні бар ғой. Оған орындаушы кінәлі болмаса керек.

****

Сөз киесі – иесінде.

****

Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.

****

Өртті сөндіруден гөрі – оны тұтатпау ерлік.

****

Орынды сын ойлантпай қоймайды.

****

Өмір – өзен. Асып та, тасып та жатады. Сабасына түсіп, бір қалыппен де ағады. Бірақ онда тоқтау жоқ.

****

Қиянаттан асқан қылмыс болмайды.

****

Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.

****

Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.

****

Қазақ ауыр істен емес, ауыр сөзден қорқады.

****

Елдің наласын қара басының бір күндік рахатына айырбастап кетуден асқан сатқындық болмас. Сақтансаң, осындайлардан сақтан, болашақ!

****

Жібі түзу, жаны таза адам кез келген жағдайда, қандай қызметті істемесін қашанда ар-ожданын биік ұстап қалады.

****

Жалпы, жар таңдау, үй болу – есі дұрыс адамға бір-ақ рет берілетін бақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өзімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан, оның түтін түтетері – сүйген жарыңды сыйлаудан басталады.

****

Жалада шындық болмайды.

****

Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болуы әп-сәтте.

****

Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады.

****

Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

****

Ақиқаттан аттап кету – арға сын.

****

Адамға жазаның үлкені – жұмыссыз қалдыру.

****

Адам айнасы – адам.