Skip to main content

"Otyrar audandyq ortalyqtandyrylğan "Otyrar" kıtaphana jüiesı" komunaldyq memlekettık mekemesı

  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2

Шәмшінің ән туралы ең жақсы көретін аңызынан...

Әнші құсқа адам баласы:

     - Жақсы келдің, ей, әнші құс! – депті. Сен маған ән боп дарысаң, мен халқыма сән болар едім. Мен оларға тек өмірімді жырлар едім. Ғұмыр – жалғыз, ғұмыр- қымбат, ғұмыр- бақыт екенін мен оларға әнмен айтар едім. Оны кәдірлеп, қастерлеп өту бәрімізге парыз екенін әнмен жеткізер едім.

                   

        О.Бодықов. «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» 106 б.

Бағдарламасы:

1. Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы

1930 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жеріндегі койнауында "Сарыкөл" деп аталатын шағын көл жағасындағы ауылда, осы ауылдағы татардың гармонын, қазактың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері, ақын, ағаштан түйін түйетін ұста, зергер Қалдаяқ пен ойын-тойда қүйқылжыта ән салатын Сақыпжамалдың отбасында XX ғасырда казақ әнінің ажарын ашып, шырайын кіргізіп, оның өрісін әлем көгіне шығарған ән феномені Шәмші Қалдаяқов дұниеге келді.

Шәмші Қалдаяқов - композитор, Қазакстанның халық әртісі (1991).  Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын бітірген. 1951 - 54 жылы Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды. 1955 жылы Ташкенттегі музыка училищесінің музыка теориясы факультетіне қабылданды. 1956-62 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция факультетінде (профессор В.В. Великановтың класы бойынша) оқыды. 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысты. Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармасының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармасының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын: «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Фосфорлы Жамбыл», «Байқоңыр», «Талдықорған - әнім менің», «Ырысты өлке – Шардара», «Отан», «Теріскей», «Мойынқұмда», «Отырардағы той», «Көгілдір Көкше», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын: «Менің Қазақстаным», «Тенізде – толқында», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады. «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Қайдасың?», «Еркежан», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам?» «Қайықта», «Қыз сағынышы», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Әнім сен едің», «Сағынышым менің» әндері Р.Бағланова, Р.Абдуллин, Б.Төлегенова, Р.Мұсабаев, З.Қойшыбаева, т.б. әншілердің репертуарынан берік орын алды. Қалдаяқов артында мол музыкалық мұра қалдырды. Республика жастар сыйлығының иегері болды (1965). 1991 жылдың қараша айында Алматы қалалық әкімшілік атынан Шәмшіге «Қазақстанның халық әртісі» атағын беруді ұсынған құжат жөнелтілді. Ол атақ Шәмшіге 1991 жылы 29 желтоқсан күні берілді.

Шәмші бұл күндері ауруханада жатқан болатын. Ол Алматының ауруханасына 16 қараша күні түсіп, 1992 жылдың 29 ақпанында мәңгілік көз жұмған күні бірақ шықты. Шәмші осылайша халық әртісі деген атақты бар-жоғы алпыс-ақ күн алып жүрді.

2. Ұлт перзентіне көрсетілген құрмет

  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жарлығымен 1991 жылы Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы берілді.
  • 1991 жылы Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т. Ахметов) деген деректі телефильм түсірілді.
  • Даңқты композитордың «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы Қазақстан Республикасының Гимніне айналды.
  •  Сиқырлы саз, әуезді әнімен ел жүрегінде қалған Шәмші Қалдаяқовқа 2010 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді.
  •  Ұлт перзентінің әндерінен республикалық, халықаралық байқаулар мен ән фестивальдері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
  •  Шәмшінің ізі қалып, талай әнін қалықтатқан оңтүстік астанамыз, ару Алматыда ескерткіші қойылды.
  • Шырайлы қала Шымкентте Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ ашылды.
  •  Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді үлкен қалаларда Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталатын көшелер бар. 
  •  Қазіргі таңда өзі туған Темір кеңшары Шәмші ауылы деп аталды. 
  •  Ал Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл бар.
  • Туып өскен ауылы Отырар ауданы, қазіргі Шәмші ауылында «Шәмші» саябағы ашылды. (2020)
  • Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың жарлығымен   еліміздегі ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – Қазақстанның  Еңбек Ері атағы берілді.(2022)

3. Шәмші әндерінің шығу тарихы

«Менің Қазақстаным» әні

       «Менің Қазақстаным» әнінің тууына мына жағдайлар әсер етті.Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» деп атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болған кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген еді. Қазақ жері осылайша бөлшектенгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұранның қажеттілігі сезілді. Шәмшінің өтініші бойынша өлеңнің сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Сөйтіп, ән қазақ радиосы арқылы күніне бірнеше рет беріліп отырды. Бұл ән қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығы еді.«Бұл ән елімнің әнұраны болады» - деп Шәмші біліп айтқан екен. Себебі, 1986 жылы 17 желтоқсанда бостандықты аңсаған қазақ жастары «Менің Қазақстаным»  әнін алаңға айтып шығып еді.2006 жылы бұл ән еліміздің әнұраны болды.

 

«Ана туралы жыр» әні

Жамшид Шәмші атанып, оның сазгерлік атағы шартарапты шарлап кеткенде, оның ғазиз анасы қайта айықпастай кеселге ұшырайды. Өзінің о дүниелік екенін айқын сезген анасы Шәмшіні шақыртады. «Балам, - дейді, бұл өмірден жас кеттім демеймін, арманда кеттім деймін. Жазмыш маған келін көруді, немере сүюді бұйыртпады. Тағдыр солай шығар. Жалғыз тілеуім – сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа кетсін» - деген екен.Ананың ақтық лебізін естігенде ғана Шәмші өзінің отызға келіп қалғанын, ән соңында үйлі-жайлы болуды да еске алмағанын бірақ білді. Ойлап қараса, анасы оған әлемнің жарығын сыйлапты, даланың әсем гүлін жинапты, самсаған құстардың қанатын беріпті, мол дүниенің жаннатын ұсыныпты. О, Ана, Ана! Бұл өмірде өзіңнің ең жақын, ең асыл адамынан мәңгілік айырылғалы тұрғанын сезген Шәмші өксіп жылап жібергенін сезбей қалады.

     - Апа, қарыздармын саған, қарыздармын. Сенің басыңа мовзалей орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әннің ең әсемі, ең нәзігінен ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын – деді Шәмші дауысы

үзілді-кесілді шығып, көз алдындағы бар дүние тұманға сүңгіп. Сөйтіп «Ана туралы жыр» әні 1961 жылы дүниеге келді.

     Бұл ән - қазақ совет музыкасындағы ана туралы жазылған тұңғыш ән еді. Бұл ән - ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезінген баланың егіле төгілген көз жасы еді. Есейген ержүрек ұланның бұл өмірдің теңізін адал кешуге берген анты еді. Бұл – аналар туралы гимн еді.

 

«Әке туралы жыр» әні

О, әке, әке! Айбарым, ардақтым! Артымда сен тұрғанда, мен еш нәрседен аянбаушы едім. Сен маған жел шайқамайтындай діңгек едің. Бар көргенің өз ауылың болғанымен, сен мен үшін жерге құламайтын тірек едің. Әкесі ауырып больницаға түскенде шығарған әні.

 

«Отырардағы той» әні

Сағдия Минумина – Шәмшінің туған інісінің жары:

     - «Шәмші ағам жарық дүниемен қоштасар сәтінде жүрегі, бауыры ауырып осы ауылдың ауруханасында ем қабылдады. Отырар ауданынының 60 жылдық тойы болайын деп жатқан еді. «Мен бір сәтте өмірдің ар жағындамын, бір сәтте бер жағындамын» деп жататын ағам «ауылдың тойы болады деген соң, басын көтеріп қолына қалам алғаны есімде. Сөйтсем, ауылдың құрметіне өміріндегі соңғы әні «Отырардағы тойды» дүниеге келтіріпті».

 

 

«Қуаныш вальсі» өмірге осылай келді

Елтай Мырзайұлы:

     - Біз бүгін аттары бүкіл Қазақстанға мәшһүр болған Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов, Қалаубек Тұрсынқұлов барлығымыз алпысыншы жылдары ажырамас дос болдық. Сол достықтың белгісі емес пе, Мұхаң үйленгенде құдалыққа мен, Шәмші және Қалаубек төртеуміздің барғанымыз бар. Сол той кілең Шәмшінің әнімен өрнектелді десем қателеспеспін. Той-думанмен таң да атты. Келінді шығарып салудың рәсімі басталып, той иелері апыр – топыр тіршілік қамына кірісіп кетті. Біз далаға шығып өзара пікірлесіп жатырмыз.

     -Нағыз қуанышты сәт үйлену тойы ғой. Екі жастың қосылуы, былайша айтқанда қосылған қос өзен секілденіп...- дей берген Қалаубектің сөзін Мұхтар бөліп жіберіп:

- Қалеке, «Қосылған қос өзен секілденіп» деп қалдыңыз-ау! Бұл идеяңыз бір шығарманың тұздығы болуға сұранып тұрған сияқты екен, - деп қалды.

- Бірің сазгер, бірің ақынсың, жаңа идея туса, ол жағын өздерің шешіңдер, біз тыңдаушы болайық әрқашан, - деді Қалекең.

     Көп ұзамай Шымкентте өткен комсомолдық тойда Шәмшінің тума таланты тағы да танылды. Мұхтар өлеңін жазып, Шәмші әнін шығарған «Қуаныш вальсі» әні тұңғыш рет осы тойда шырқалды. Қанша тыңдасаң да жалықпайтын сазды да назды әнді қалай тез шығарып үлгерді десеңізші. Бұл ән ғасырдан ғасырға кетері сөзсіз. Ең кереметі – Шәмші Мұхтар тойына өмірі ұмытылмас, ең үлкен сый әзірлей білді. Бұл осы ән еді.

 

«Бәрінен де сен сұлу» әні

 Шәмші 1937 жылы «Халық жауы» ретінде атылып кеткен аяулы ағамыз Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне ән жазамын деп ойлаған емес. Себебі, Мағжанның өлеңіне ән жазбақ түгілі оның атын ауызға алудың өзі ол тұста өзін-өзі орға жығумен бірдей болатын. Сөйте тұра, тағдыр оған Мағжан ағасының бір өлеңіне ән жазуды бұйыртты. Бұл өлеңді Шәмшіге қазақ радиосының музыкалық редакторы Мақсұт Майшекин ұсынып еді. Шәмші оның шын ақын екендігіне шүбәләнбаса да, өлеңіндегі ойнақылық, қалжың аралас шындық, айтқа бергісіз шын сөздің ұнағандағы, өзін баурап алғандығы соншалық әнді тез жазды. Осылай «Бәрінен де сен сұлу» әні жылдам тарап кетті.

     Әнінің жұртшылыққа ұнағанына бөркі қазандай болған Шәмші бір күні консерваторияда талтаңдап жүріп келе жатады, қасынан өтіп бара жатқан Ахмет Жұбанов тоқтай қалды. Қазақ музыкасының ең білгірі болып саналатын Ахаңның назарына іліну қиын іс екенін білетін Шәмші ұрлық істеп қойған адамша қыпаң ете қалды. Оны қыпаңдатқан да жүрегінің бір сұмдықты сезгендігі екен.

- «Бәрінен де сен сұлудың» өлеңін кім жазды? – деп сұрады Ахаң.

- Майшекин - деп жауап берді Шәмші.

- Өтірік. Оның авторы басқа. Ол - ұрлық өлең. Әйтсе де әнің тәуір екен деп Ақаң бұрылып кетті. Шәмші сілейіп тұрып қалды. Ол осылайша күйзеліп біраз жүріп Майшекинге телефон соғып «Ағай, шыныңызды айтыңызшы өлеңнің авторы кім?»- деп сұрады.

- Әй, бала мұндай әңгімені телефонмен айтпайды. Кешке үйге кел- деді Майшекин.

    Кешке таман Майшекин есік, терезені қымтап жауып алып:

- «Өлеңнің шын авторы Мағжан Жұмабаев. Білесің бе сен ол кісіні? Біздер ол кісінің өлеңін оқып өстік. Сондай адамды атып жіберуі – бүкіл халықтың асыл қазынасына оқ атқандай болды. Мағжанның әрбір сөзі алтын секілді қымбат еді ғой. Сондай сөздің су түбіне кеткеніне шыдамадым да бір өлеңін тірілттім. Өлең Мағжандікі екенін білетіндер мейлі мені «ұры» дей берсін. Бірақ мен ол кісінің ең болмаса бір өлеңін кейінгі ұрпаққа ұрлап әкеп тастап кеткеніме бақыттымын. Ал сен кімнің өлеңі екеніңде шаруаң жоқ, сенің білетінің Мақсұт Майшекин. Мені бүгін түнде ұстап әкетсе де сенің атыңды атамаймын. Оқуыңды тыныш оқи бер. Бірақ, - деді Майшекин сөзін бір түрлі

күңірене жалғастырып, - махаббат жайлы небір ғажап сөздер айтпаса да, «Өзім сүйіп ұнатқан бәрінен де сен сұлуды» айтқан Мағжан екенін ұмытпа.

- Мен сөйтіп ойламаған жерден Мағжан Жұмабаевпен де соавтор болған адаммын – деп мақтанып жүрді Шәмші.

 

«Теріскей» әні

 Жаздың тамылжыған бір күнінде Шәкеңді қонаққа шақырған Жартытөбе бөлімшесінің меңгерушісі Ш.Оқшиев:

- Айналайын Шәмші, «Жартытөбе» совхозы кейіндеу құрылғанымен, бүгінгі таңда Қаракөл қой шаруашылығын өркендетуде Созақ ауданы ғана емес, республикада да алдыңғы орында. Сол себепті еңбекші халықтың көңілін көтеріп «Жартытөбеге» тамаша ән арнасақ деген тілегіміз бар – дейді.         

Қ.Архабаевтың Социолистік Еңбек Ері атағын аудан бойынша бірінші болып алғаны, аға шопан Б. Төлебаеваның КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болғаны, Созақтың тарихы – қазақтың тарихы емес пе?! Жартытөбеліктердің еңбегі қандай мақтауға да лайық дейді. Көп ұзамай Алматыдан ақын С.Асанов келіп, Жартытөбе, Шолаққорған ғана емес, жалпы Созақ өңіріне арнап «Теріскей» әнінің сөзін жазады. Бұл мәтінге осы өңірдегі тарихи орындарының атауы тегіс енеді.

 

«Сыған серенадасы» әні

1958 жылы Консерваториядағы оқуынан шығып қалған Шәкең сығандардың тобырына жолығып, үш-төрт күн бірге жүреді. Өмірден таяқ жеп, маңдайы тасқа тиген жанның бұл бір еркіндік аңсаған шағы еді. Сыған қыздарымен бірге ән шырқап «Сыған серенадасын» өмірге әкеледі. Шын мәнінде компазитор сыған қызына емес, еркін өміріне ғашық болған сияқты. Адам баласын жатырқамайтын жүрегі оған Тамды қызына да, Дүнген қызына да арнап ән шығартты

 

Арыс жағасында әні

 

Шәмші өз әндерінің қалай туғанын әңгімелей жүріп, «Арыс жағасынданың» қалай жазылғанын айтқан емес. Мен одан осыны сұраған едім , ол сәл ойланып, сәл жымиып, былай деді:

Бір күні маған бір қара торы, дембелше жігіт жолықтыда «Мен Қалқожа Жолдықожаевпын» деді.

-Е, болсаң бол. Оны маған несін айтып тұрсың?

-Екеуміз де Арыстың бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымда Арыс тұрғанда алдымда жолыққан ешкімнен де сескенбеймін. Осы өзеннің жағасында мен өзімнің ең сұлу нақ сүйерімді тауыппын. Шәмші деген атыңыз бар, қалайша осы өзеннің бойында бір сұлу жолықпады сізге?

-Неге олай дейсің? Ондай сұлу менің қиялымда осы Арыс бойында туды.

- Олай болса, әндеріңізде неге Арыс жоқ? Айналайын ерке өзеннің аруларын неге ән етпедіңіз? Оларды әлде жақтырмайсыз ба?

-Әй, бала, сен қалай-қалай сөйлейсің? Мен кімді ән қылам, кімді онда сенің не шаруаң бар?

-Шаруам бар! Өскен жеріңіздің сұлуларын неге жырламайсыз? Мен – Қалқожа, соны айтуға келдім, - деді де тайып тұрды.

-Өй, Әлгі ит не деп кетті? – деді қасымдағылар.

-Ол менің нағыз ауру жерімді түртіп кетті, - дедім мен.

Шәмшінің «Арыс жағасында» әнінің жазылуына әлгі жігіт себеп болыпты. Оның көз алдына небір ауруларды келтіріпті.

Бірақ күллі қазақ халқы зор сүйіспеншілікпен іліп әкеткен осы әнді радиоға өткізу Шәмшіге зор қиындыққа түсті. Радионың музыкалық кеңесінің мүшелері бұл әнді тыңдап болып: «Ой, бұл да вальс екен... тағы да ұқсастық бар... ән секілді емес» - деп қабылдамай қояды. Әннің табиғатын шын түсінген, оның зор болашағы барын бірден сезген әншілер Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов кеңеске өз сөздерін өткізе алмағанан кейін, екеуі шығып кетеді де, музыка жазатын студияға барып «Арыс жағасында» әнін жарты сағат ішінде дует етіп дайындап, шырқатып қоя береді. Бұл әсем әнді естіген радио қызметкерлері студияға түгел жиналып қалады. Нұрғали «бұл әнді басшылар қабылдамай отыр» деген екен, әлгілер көркемдік кеңес өтіп жатқан бөлмеге тұра жүгіріп, айқай шығып кете жаздайды.

Бұл ән радиоға осылайша зордың күшімен, Ескендір мен Нұрғалидың арқасында қабылданыпты.

Содан жиырма жыл өткеннен кейін әлгі жігіт Шәмшіге тағы да жолығыпты. Ол Бөген ауданының орталығы Темірланда тұрады екен. Ауыл үстінен олай-былай өтіп жүрген Шәмшіні оқыс кідіртіп:

-Мен Қалқожамын! – дейді ол.

-Болсаң бол...

-Бірақ, бүгінен бастап Сайлыбаймын. Сондықтан сізбен қайта танысуға тура келіп тұр.

Солай деді әлгі жігіт, көшенің ортасында тұрғанына да қарамастан, «Арыс жағасында» әнін барылдай шырқап қоя берді.

-Болды, болды... Сені енді ғана таныдым, - дейді Шәмші. – Ал енді себебін айтшы, неге Сайлыбай болдың?

-Өзім қожамын, желкемде қара қалым бар. Жұрт сосын бала кезімнен Қалқожа деп кеткен тұғын. Жақында аудандық газетке хабарландыру беріп, өзіме молдалар қойған Сайлыбай атымды қайта алдым. Содан бері сізбен қайта танысуды ойластырып жүр едім. Үйге жүріңіз. Жаңа атымды жуамыз.

-Шақырғаныңа рахмет. Бірақ, асығыспын, - дейді Шәмші. Сайлыбай оған көнсін бе? Шәмшіні сүйрегендей болып үйіне ертіп барады. Сол күнгі кеш Шәмшінің есінде мәңгілік қалды. Себебі «Арыс жағасында» Шәмші үшін сол күні қайта туып еді. Қайда екен кәзір, сол Сайлыбай? Шәмшінің қайтыс болғанын естіп, «Арыс жағасында» әнін айтып, көзіне жас алды ма екен?

4. Шәмшінің әзілдері мен қалжыңдары

Құрманғазы қай оқуды бітірген?

        Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда «Жоғары оқу орнын бітірмегендер КСРО Композиторлар одағының мүшесі болмайды» деген қатып қалған қағида бар-тын.

– Мен таң қалам, – дейді екен Шәмші. – Алматыдағы Консерваторияға Құрманғазының аты берілген. Сонда Құрманғазы атам қай консерваторияны бітірді екен?

 

Өтірік «Шәмші»

Бір заманда өтірік «Шәмшілер» көбейіп, атын пайдаланатындар аз болмаған. Сыраханада Әбілахат Еспаев екеуі тұрса, бір бейтаныс жігіт кеп:

– Мен Шәмші Қалдаяқовпын! – деп өзін таныстырады. Екі дос не дерін білмей, бір-біріне қарай­ды. Әбекең:

– Мен Әбілахат Еспаевпын! – дейді. Ал, Шәмші өзін:

– Академик Ахмет Жұбанов­пын! – деп таныстырады. Әлгі жігіт кеткесін Әбекең:

– Өлген кісінің атын айтып, өтірік танысқаның ұят емес пе? – дейді. Сонда Шәмші:

– Ұялса анау жігіт ұялсын, - дейді. – Ол жігіт тіріні өлтірді, ал мен тірілттім.

 

Жүрек ауруы

 ...Кір жуып, кіндік кескен жері Отырарға барғанда Шәмші аяқ астынан ауырып, ауылындағы ауруханаға түседі. Хал-ахуал сұраған жерлестері:

– Жүрегіңіз ауырады екен-ау? – дейді. Шәкең оған мойысын ба?

– Жүрек ауруымен жүрегі барлар ғана ауырады! – дейді.

 

 

Ит инфаркт бола ма?

«Ғалымдардың болжамы бойынша, бүкіл жан-жануардың ішінде ит қана инфаркт болмайды екен...» деген сөзді газеттен оқыған Шәкең:

– Егер менің көрген күнімді көрсе ит те инфаркт болады! – депті қуақыланып.

 

Бір қап күріш

 Шардара ауданындағы Қа­зақстан ауылында болған оқиғаны естіп, шек-сілем қатты. Неге күлдім дейсіз бе? Шәмші ағаның табан астында тауып айтқан тапқырлығына таң қалдым. Осы ауылда бас агроном боп істейтін досына Шәкең жыл сайын ат басын бұрып, он-он бес күн аунап-қунап қайтады екен. Шәмші Қалдаяқовтың атын естігесін ауыл-аймақ амандасып, ақ дастарханның басында алқа-қотан отырып, дәмдес-тұздас болу дәстүрге айналған. Сондай ағыл-тегіл сәтте бір жігіт:

– Шәмші аға, - депті бірдеңесі өтіп кеткендей өктемдеу сөйлеп, - Есіңізде ме, былтыр сізге бір қап күріш беріп ем ғой.

Шәкең естімеген рай танытып, үндемепті. Әлгі жігіт әдепсіз сұрағын тағы қайталап:

– Аға, - депті, - былтыр бір қап күрішті машинаңызға артып жіберіп ем ғой, есіңізде ме?

Сонда Шәкең бедірейген жігіттің бетіне қарап:

– К... к... күріш есімде, өзің есімде жоқ! – дегенде, жұрт қыран-топан күліпті.

Үш пұт телефон

Қазақ радиосының музыка редакциясында қызмет істеп жүрген Қалқаман Жүнісбеков жұмыста отырса Шәмші қу­анышы қойнына сыймай:

– Қалқаман, - депті, - маған үлкен кісі үш бөлмелі пәтер бер­гізді. Телефонды жазып ал.

– Айта беріңіз, қалам-қағазым дайын.

– Оны таста. Қағазды қай­тесің, бір жерде жоғалып қалады. ойыңда сақта! Алпыс бір осын бір пұт, екі пұт! – дейді Шәкең. Түк түсінбеген інісі аң-таң:

– Оу, ағасы, алпыс біріңіз – алпыс бір! Ал бір пұт, екі пұтыңыз не?

– Әй, қарағым-ай, - дейді Шәмші телефон номерін түсін­діріп, - бір пұт дегенім – 16, екі пұт дегенім – 32 емес пе? Өстіп айтсам есіңде сақталады.

 

Орыс іздеп әуре болмайсың

Күлкі жанрының классигі Оспанхан Әубәкіровтің жесірі Нұрсұлу жеңгемнің әңгімесі жырдан да қызық.

– Орта мектепті бітіргесін, консерваторияға түстім, - дейді жеңгей, - курстастарым Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Оспанхан Әубәкіров, Шәмші Қалдаяқов...

Кілең сайдың тасындай, бәрі де қазақша сайрап тұр. Мен Қостанайдағы детдомда өскен жетім қызбын. Орысша оқып, орысша тәрбие алдым. Қазақша түсінем, бірақ сөйлей алмаймын. Қай қазақтың сұрағына да орыс­ша жауап қайырамын. Күн­дердің күнінде Оспанхан екеуміз тіл табысып, үйленетін болдық. Мені Шәмшіге ертіп барды да:

– Шәке, - деді, – осы қызды алсам қайтеді?

– Алсаң ал, орыс іздеп әуре болмайсың, - деді Шәмші де езу тартып.

5. Көріністер (Шәмшінің өмірі туралы)

I – Көрініс:  ШӘМШІНІҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ

Сыртқы дауыс: 1930 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жеріндегі койнауында "Сарыкөл" деп аталатын шағын көл жағасындағы ауылда, осы ауылдағы татардың гармонын, қазактың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері, ақын, ағаштан түйін түйетін ұста, зергер Қалдаяқ пен ойын-тойда қүйқылжыта ән салатын Сақыпжамалдың отбасында XX ғасырда казақ әнінің ажарын ашып, шырайын кіргізіп, оның өрісін әлем көгіне шығарған ән феномені Шәмші Қалдаяқов дұниеге келді.

Әуен, жылаған бала дауысы. Сахнаға Қалдаяқ пен досы шығады.

Досы (көңілді): Оу, Қалдаяқ, ұлды болыпсың, бауы берік болсын!

Қалдаяқ: Мен баламның атын ескі хиссадағы Жамшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ, оның дауысы патшаның дауысынан гөрі әншінікіне көбірек ұқсайды екен.

Досы: Оу, Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннін патшасы болса тақияңа тар келмес.

Қалдаяқ: Айтқаның келсін! Жамшид болсын. Барым да, байлығым да осы балам. Халкыма адал қызмет ететін адам боп өссе — арманымның орындалғаны.

 

Сахнадан шығып кетеді. Сахнаға анасы мен бала Шәмші шығады.

Бала Шәмші: Апа, өткенде айтып берген "Ак құс" туралы хикаяны қайта айтып беріңізші. Неге екенін білмеймін, сол хикаяны естігім келеді де тұрады. Менің көңіліме сол ақ құс орнап қалған сияқты.

                                                                                                                  Анасы: Ай-на-лай-ын! Сенің көңілің калап тұрса, неге айтпайын!

 

 

II -Көрініс. Сахнаға Шәмші мен ақын досы шығады.

 

Ақын досы: Шәмші, осы өмір не үшін керек?

Шәмші: Өмірге өз бүлбұлы керек. Таудың сәні — биіктігі болса, бақшаның сәні — бұлбұлы.

Ақын досы: Шәмші, тыңдашы, жүрегімде ұялаған бір сыр бар. Сол сырды тек ақ кайыңдар біледі. Жүрші, досым, Көктөбеге барайык, кеудемізге қырдың гүлін тағайык...

Әуен ойнайды

Шәмші: Мен саған әкемнің акын, анамның әнші болғанын айтканмын. Өмірге, адамдарға құрметі жок кісіден өнерпаз шыкпаса керек. Мен анама ұксап бала жастан асқак әнді мадактап, соған үйір боп өстім. Менің білетінім: ән — адал жүректен туады. Ән жарқын болашаққа деген сезімді паш етеді. Асқақтата салған ән... Ол сені әлдеқайда алысқа, қиын шетке сонау қыр басына жетелейді. Сол қыраттағы қыранның шаңк еткен дауысы, қайталанбайтын ән ғой. Табиғат әсер етпесе, қыраннан ол ән тумас еді. Ол ән дала төсін аралап кетеді. Естіген жүректі ерлікке шақырады, жігердін жалын отын жағады.

Досы: Ал сенің әндерің негізінен лирикаға, романтикаға толы, сырлы болып келеді. Неге олай?

Шәмші: Досым, ерліктің өзі сұлулык, ердің сөзі — елдің сөзі. Ел оны жүрегімен кабылдайды. Сондықтан, ерлік әндер ең әсем ән емес пе?!

Досы: Ғажап! Айта аласың-ау! Өзіңнің композитор ғана емес, сөзге шешендігің де өз алдына. Шәмші, кейде мен өлеңді күнде, тіпті айлап та жаза алмайтын кездерім болады. Өзің әнді қалай шығарасын? Әрбір әніңнің жұрттың көкейіне қона қалатын кұдіреттілігі неде?

Шәмші (үнсіз турып): Шынымды айтайын. Мен ән жазбақ түгіл, ән тыңдай алмайтын күндерім де болады. Кейде арқам кұрысып, бір әннің келе жатканын сеземін. Әнді бір-ақ күнде жазамын. Екінші күні шығармасы жүрегіме жакын өзің сияқты ақынды тауып алып, оған өлең іздеймін. Өлең ән секілді боп естілмесе, ақынның шамына тимей, арқасынан сипай отырып, идеямды ұсынып, өзіме керек өлеңді жаздыртып аламын. Үшінші күні алдын ала дауысына бейімдеп жазған әншіме апарып беремін. Ән дегеніне жетіп, елден бағасын алған күні бойым жеңілдеп сала береді. Ең бастысы, халыққа ненің қажет екенін жаксы білу.

(Үнсіздік. Сазды әуен. Шәмші өзі жазган өлеңін оқиды.)

Әлі де бұл кеудеме толмай арман,

Жас көңіл еш нәрсеге болмай алаң.

Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан

Қол созып, құшақ жайған кандай адам?

Қиялым, сәулесінен дірілдеген,

Көктемгі күнім бе екен күлім деген?!

Әлде бір көктемдегі сандуғаш па,

Жанымды елжіреткен үніменен?!

Қалайша жүрегімді алдай алам,

Мен оны жалғыз саған арнай алам.

Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан

Дариға-ай, құшақ жайған кандай адам?

 

Досы: Паһ, шіркін! Құстың дауысынан маржан төгілгендей, аңсауымнан арман естілгендей болды ғой. Бұл өлеңді қайдан алдың?

Шәмші (қуана): Бұл менің өз туындым! Әкемнің акындығы бар екенін айтпап па едім. Және сен менің Әл-Фарабидің жерлесі екенімді ұмытпа. Ол да, мен де Отырардың перзентіміз.

Досы: Ой-хой деген!

Шәмші: Мен композитор болып сендерді құдай сақтап қалған ғой!

 

(Екеуі күліп сахнадан шығып кетеді)

6. Ел зиялыларының Шәмші туралы ыстық лебіздері

Қазақ өнерін білгісі келетіндер Қастеевтің суреттерін, Қалдаяқовтың әндерін зерттеулері керек.

                                                             (Ғабит Мүсірепов)

 

 

 «Шәмшінің кеудесінен күмбірлеп тұрған әнін әуелетіп шырқаған сайын жайлауда жүргендей жарқын әсерге бөлендім»  

                                                           (Роза Бағланова)

 

 

Абай сөз құдіреті болса, Шәмші – саз құдіреті. Ол көзінің тірісінде –ақ ұлылық ауылының төрінен орын алған.

                                                                (Өмірзақ Айтбайұлы)

 

 

«Ақиқатына келгенде Шәмшінің тәңір жаратқан таланты асқақ. Әсем әндері қай атақ, қандай сыйлықтардан да жоғары»                 

                                                                 (Әсет Бейсеуов)

 

 

 

«Шәмші аға ғажайып әуендерімен исі қазақты таңқалдырып қана қойған жоқ, табындырды. Ал, Шәмші ағаның ақындығы құмның астында көміліп жатқан алтын сияқты құпия қазына».

                                                                      (Көпен Әмір-Бек)

 

 

 «Ол бір рахат өмірді әннен іздеді. Әннен жанына сая тапты. Оның әр әні дүниеге келген күн халқы үшін мереке.Шәмші - ән әлемінің жарық жұлдызы болып дүниеге танылған ерекше тұлға. Қазақтай ән сүйер туған халқы барда ғажайып сазгер ағаның жұлдызы мәңгі жарқырай бермек»

                                                          (Сейтісхан Кішібайұлы)

 

 

Шәмші – исі қазақтың, қала берді, түркі тұқымдастың рухани, туын көкке көтерген тумысы текті тұлға! Ол өлгенді сыйлағанға – әруақ, өнерді сыйлағанға – өнеге, елді сыйлағанға – рух!

                                                        (Исрайл Сапарбаев)

7. Туған жері Ш.Қалдаяқов ауылындағы музей