Отырар кітапханасы
Ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі
Кітап оқу: табыс пен жетістіктің формуласы
/библиографиялық көрсеткіш/
Отырар, 2026
Кітап оқу: табыс пен жетістіктің формуласы - /библиографиялық көрсеткіш/ Отырар кітапханасы; құраст: Р.Махтабекова. – Отырар, 2026.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!
Бүгінгі цифрландыру дәуірінде кітап оқу тек ақпарат алу құралы емес, ол - тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі күш. Сыни ойлау, шығармашылық және эмпатия – кітап оқу үрдісінде қалыптасатын басты қасиеттер.
Көркем әдебиет арқылы біз өзгелердің тағдырын сезініп, күйін түсіну қабілетін дамытсақ, ғылыми-танымдық кітаптар арқылы аналитикалық ойлау деңгейімізді көтереміз. Кітап оқу барысында шығармашылық қиялымыз шыңдалады. Жалпы бұл қасиеттер кез келген кәсіби ортада жоғары бағаланатын, жасанды интеллект алмастыра алмайтын адамның ішкі капиталы болып табылады. Сондықтан, кітап оқу – өмір бойы жалғасатын үздіксіз білім алудың ең сенімді іргетасы. Бұл үрдіс бізді қарқынды дамып жатқан әлемге бейімдеп қана қоймай, өзіміздің ішкі әлеуетімізді толық ашуға мүмкіндік береді. Осыған орай, кітап сүйер қауымның назарына «Кітап оқу: табыс пен жетістіктің формуласы» атты библиографиялық көрсеткішті ұсынамыз.
Көрсеткішіміз үш маңызды бағытты қамтиды:
I. «Рухани қазына - жетістік негізі» атты бөлімінде ұлттық құндылықтар мен бабалар мұрасы арқылы адамның ішкі мәдениетін қалыптастыруға арналған кітаптар тізімі ұсынылған.
II. «Тұлғалық өсу» бөлімінде өзіңізді дамытудың, уақытты басқарудың және мақсатқа жетудің практикалық әдістері жайында кітаптар тізімі берілген.
III. «Жасанды интеллект: болашақты болжау» бөлімінде технологиялар әлемінде бейімделуге және болашақтың бағытын тануға көмектесетін кітаптар тізімі жинақталған. Аталмыш көрсеткіш сіздерге табысқа жетелейтін ең үздік әдебиеттерді таңдауға септігін тигізеді деген үміттеміз.
Өз табысыңыздың формуласын бізбен бірге ашыңыз!
I. РУХАНИ ҚАЗЫНА - ЖЕТІСТІК НЕГІЗІ: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың! /Абай/.
Технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге енген сайын, адам баласы үшін рухани тірек пен ішкі парасаттылықтың маңызы арта түседі. Нағыз жетістік тек техникалық дағдылармен шектелмейді, оның бастауы бабалар мұрасында, ұлттық құндылықтар мен терең философияда жатыр. Себебі, технология – құрал ғана, ал сол құралды ізгілікке бағыттайтын – адамның ақыл-ойы.
Ұлттық әдебиет – халықтың жаны, ұрпақтың рухани өзегі. Әрбір шығармада ғасырлар бойы қордаланған тәжірибе, өмірлік сабақ, адамгершілік қағидаттар мен ізгілікке үндейтін ойлар бар. Сол мұраларды парақтай отырып, біз тек өткенді танып қана қоймай, сонымен бірге болашаққа бағдар аламыз. Бұл бөлімде жинақталған кітаптар Сізге рухани тепе-теңдік сақтауға, тұлғалық болмысыңызды бекемдеуге және биік мақсаттарға жетелейтін сара жолды табуға көмектеседі.
Әдебиеттер:
1. Абай. Қара сөздер: [ақынның өмірлік өсиеттері: 14+]. - Алматы : Meloman Publishing, 2024. - 192 б.
Абайдың «Қара сөздері» - қазақ халқының рухани бойтұмары. Шығармада адамгершілік, еңбек, ғылым, тәрбие туралы терең пәлсапалық ойлар жинақталған. Осы аталған құндылықтар кез келген табыстың рухани іргетасы.
2. Әлімжанов, Ә. Ұстаздың оралуы / Ә. Әлімжанов ; ауд: С. Мұратбеков, Т. Жанұзақов. - Алматы : Жазушы, 1981. - 544 б.
Бір халықтың емес, барша халықтың алдына білім шырағын жаққан, артына таусылмас мол рухани байлық қалдырған әл-Фарабидің жарқын тұлғасы туындыда өнегелі бейне ретінде сомдалған.
3. Бабатайұлы, Д. Өсиетнама : өлеңдер мен дастандар. - Алматы : Ғылым, 2001. - 132 б.
Ұсынылған басылымда тұлғаның намысын оятатын, ұлттық рухты асқақтататын өлеңдер мен толғаулар жинақталған. Ақын өз өлеңдерінде адамгершілік, жақсылық пен жамандық, қайырым мен қайырымсыздық, достық пен қастық, бірлік пен алауыздық, ақыл мен парасат, ерлік пен ездік, тәлім мен тәрбие мәселелерін көтереді.
4. Баласағұн, Ж. Құтты білік : [дастан : 14+] / Ж. Баласағұн. - Алматы : Mazmundama, 2022. - 678 б.
Шығарма адамгершілік құндылығы жайлы жазылған бірден бір діни философиялық еңбек болып табылады. Еңбекте адам өмірінің мәні мен мағынасы талданып, адамның белгілі бір қоғамдағы атқаратын міндеті мен мінез-құлық нормалары жазылған. Бұл шығарманың ең басты идеясы негізгі төрт ұстанымға негізделген: Біріншісі – шындық жолы, әділет. Екіншісі – құт пен ырыс, дәулет. Үшіншісі – Ақыл менен парасат. Төртіншісі – ұстамдылық, қанағат.
5. Қобыланды батыр : халық дастаны. - Алматы : Жалын, 1993. - 109 б.
Қазақ халқының ерлік рухы мен қайтпас мінезінің символы болған батырлар жыры. Бұл жыр - стратегиялық ойлаудың, табандылық пен отансүйгіштіктің алғашқы мектебі.
6. Құдайбердіұлы, Ш. Үш анық = Три истины / ред. А. Сейдімбеков. – Алматы "Қазақстан" және "Ғақлия" ғылыми-әдеби орталығы, 1991.
«Үш анық» автордың жан дүниесі, ар-ұждан және адамның өмірлік мақсаты туралы философиялық трактат. Шығарма рухани тазалық пен ақыл-ойдың бірлігін насихаттайды.
7. Момышұлы, Б. Ұшқан ұя : [повесть : 12+] / Б. Момышұлы ; ақылдастар алқасы: Е. Әшім, Б. Есқараұлы, А. Әлменбет. - Қарағанды : Qasym, 2021. - 301 б. - (Qasym kitaphanasy).
Роман – мемуарлық шығарма ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, ұстанымы, дүниетанымы әсерлі бейнеленген этнографиялық шығарма. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, отбасы мүшелерін: әжесі Қызтумас, әкесі Момыш, немере ағасы Момынқұл, әпкелері Үбиан, Әлимандарды өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан.
8. Тоқаев, Қ.-Ж. Әке туралы толғаныс = Слово об отце : [жинақ]. - Алматы : "Парасат" журналы, 2005. - 199 б.
Шығарма белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың өмір жолына арналған. Кітап отбасылық құндылықтар, әулет алдындағы жауапкершілік және ата-анаға деген құрмет туралы. Бұл шығарма жетістіктің негізі тәрбие мен тектілікте екенін ұғындырады.
II. ТҰЛҒАЛЫҚ ӨСУ. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық /Абай/.
Кез келген үлкен жетістік кішкентай қадамдардан, дұрыс қалыптасқан әдеттер мен өз уақытыңды басқара білуден басталады. Тұлғалық өсу - бұл «таңғажайып сәттілік» емес, бұл күнделікті жасалатын еңбек. Бұл бөлімде Сіз өзіңіздің ішкі әлеуетіңізді ашуға, мақсаттарды нақты қоюға және жеке тиімділікті арттыруға көмектесетін шығармалармен танысасыз. Бұл кітаптар – өзін дамытуға ниетті әрбір тұлғаның айнымас серігіне айналуы тиіс. Өзіңізді жетілдіруді дәл бүгін бастаңыз!
1. Әл-Фараби, Ә. Н. Қайырымды қала / Ә. Н. әл-Фараби ; ред. Б. Хасанова ; сур. С. Абдураимова. - Алматы : Mazmundama, 2022. - 217 б. - (Мектеп кітапханасы).
Философ өз еңбегінде адамның өзін-өзі тану және жетілдіру арқылы өмірдегі басты мақсатқа қол жеткізу мүмкіндігін айқын суреттейді. Автордың пайымдауынша, ақыл-ой мен моральдық қасиеттердің жетілуі адамды бақытқа жетелейді.
2. Жолдыбайұлы, Қ. Кемел адам = Kemel adam : [кітап QR-код аудиовизуалды мазмұнмен қамтамасыз етілген] / Қ. Жолдыбайұлы. - Алматы : Самға, 2024. - 376 б.
Автор кітапта жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін түсіндіре отырып, оқырманын кемелденуге шақырады. Басылым «2022 жылдың ең үздік бестселлері» атағын иеленді. Кітапта кемелденудің психологиялық кедергілері жайлы, адам денсаулығының маңыздылығы, оны дұрыс күтудің жолдары, уақытты тиімді пайдалану және жоспарлау тәсілдері, қаржылық сауаттылық, тапқан табысты нәтижелі жұмсаудың бағыт-бағдары айтылады және тұлғалық дамуға бағдарлаушы құрал ретінде арнайы «Кемел адам күнделігі» ұсынылған.
3. Карнеги, Д. Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері : [халықаралық бестселлер : 14+] / Д. Карнеги ; ауд. А. Окаұлы. - Алматы : Mazmundama, 2020. - 306 б. - (Qazaqsha 100 bestseller).
Атақты американдық жазушы, педагог, психолог Дейл Карнегидің кітабында адамдармен тіл табыса білудің негізгі қағидаттары, адамға ұнаудың алты амалы, ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге, ренжітіп алмай адамдарды қалай өзгертуге болатынын баяндаған.
4. Кемелдену : [жинақ : 14+]. - Алматы : Mazmundama, 2021. - 252 б. - (Summary book = Оқуға тиіс 10 кітап). Жинаққа өзіндік даму тақырыбын зерттеген айтулы ғалымдардың таңдамалы он кітабы еніп отыр. Олардың барлығы уақыт сынынан өтіп, адамзат ойының алтын қазынасына айналған таңдаулы туындылар.
5. Клир, Д. Атом-әдеттер. Жақсы әдетті үйрен, жаман әдеттен жирен : [зерттеу : 14+] / Д. Клир ; ауд. Б. Хасанова. - Алматы : Mazmundama, 2021. - 244 б. - (Qazaqsha 100 bestseller).
Кітапта автор ғылыми мәліметтерге, зерттеу нәтижелеріне, жеке тәжірибесіне және табысты адамдардың тәжірибесіне сүйене отырып, жақсы әдетті қалай тез үйреніп, зиянды әдеттердің тамырына балта шабуды қарапайым да түсінікті тілмен түсіндіріп береді.
6. Кови, С. Р. Жасампаз жандардың 7 дағдысы = The 7 habits of highly effective people : тұлғаны дамытудың тегеурінді тетіктері / С. Р. Кови ; ауд. Ғ. Төлеғул [және т. б.] ; ред. Ә. Жапақ. - Алматы : Ұлттық аударма бюросы, 2018. - 350 б. - (Рухани жаңғыру).
Автор жеке тұлғаның дамуына, қалыптасуына бағыт-бағдар беретін 7 дағдыны атап көрсетіп, әрқайсысын жеке-жеке талдайды. Алғашқы үш дағды адамның өзін-өзі басқару – толық тәуелсіздікке жету жолдары, келесі үш дағды – айналадағы адамдармен өзара қарым-қатынас, соңғы жетінші дағды – адамның өзін және өзгелермен қарым-қатынасын басқара білу қабілетін үздіксіз жетілдіріп отыру тақырыбын қамтиды.
7. Моги, К. Икигай. Өмір туралы жапондық философия : [16+] / К. Моги ; аудар. Г. Қуанышбекқызы. - Астана : Фолиант, 2025. - 156 б. - (Әлемдік бестселлер).
Өз қырларыңызды ашуға, сүйікті ісіңізді табуға жапон ғалымы Кен Могидің «Икигай» атты кітабы күмәнсіз көмектесетіні анық. Басылымда өмірдің рақатын сезіне білу, уақытты пайдалы істерге жұмсау, қанағаттану, ұзақ өмір сүрудің құпиялары мен жолдары толық баяндалған.
8. Трейси, Б. Табысқа талпын! Жұмысты кейінге шегеруден құтылып, аз уақытта көп іс атқарудың 21 тәсілі : [бестселлер] / Б. Трейси ; ауд. А. Қуанышбек [және т.б.]. - Алматы : Шабыт, 2020. - 130 б. - (Халықаралық бестселлер).
Халықаралық бестселлер кітаптың авторы Брайан Трейси уақытты жоспарлау мәселесін қырық жылдан аса уақыт зерттеген. Басылымда өміріне өзгеріс енгізуді қалайтын көпшілік қауымға практикалық кеңес берілген.
9. Франкл, В. Өмірден мән іздеген жан; ауд. С. Нұрқабекұлы ; қор жетекшісі Ш. Мұқан ; алғы сөз авт. С. Керімбай ; "Мазмұндама" қоғамдық қоры. - Алматы : Mazmundama, 2020. - 167 б. - (Qazaqsha 100 bestseller).
Психолог Виктор Франкл концлагерьдің ауыр тауқыметін бастан кеше отырып, адамды кез келген жағдайда аман алып қалатын - оның рухани мақсаты екенін дәлелдеген. Рухтың жеңісі және өмірдің мәнін табу туралы әлемдік бестселлер.
10. Хилл, Н. Ойлан да байы : ХХІ ғасыр басылымы : [14+] / ауд.: А. Тасболат, Н. Омарбек. - Алматы : Mazmundama, 2021. - 384 б. - (Qazaqsha 100 bestseller).
Кез келген салада табысқа жетуді қалайтын адамдарға бұл кітаптың берер пайдасы теңдессіз. Ондағы берілген практикалық кеңестер жазушының Генри Фордтан, Билл Гейтстен, Томас Эдисоннан және Стивен Спилбергтен алынған сұхбаттарына сүйене отырып жазылған.
11. Шонбай, Қ. Екінші болма! Бизнесте, карьерада және өмірде жеңіске жетудің қазақша жолы : [12+]. - 6-бас. - Алматы : Самға, 2019. - 221 б.
Өзін-өзі дамыту мен кәсіпкерлікке бағытталған мотивациялық еңбек. Автор жеке тәжірибесіне сүйене отырып, қазақстандық ортада қалай табысқа жетуге болатынын, психологиялық кедергілерді қалай жеңу керектігін қарапайым тілмен баяндайды.
III. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАУ.
Жасанды интеллект – адам шығармашылығын алмастырмайды, бірақ оны күшейте алады /Сэм Альтман/ - OpenAI компаниясының бас директоры.
Біз технологиялар адамзат тарихын жазып жатқан дәуірде өмір сүрудеміз. Жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа инновациялар жай ғана терминдер емес, бұл біздің бүгінгі шындығымыз. Болашақта табысты болу үшін тек технологияны пайдалану жеткіліксіз, оның қалай жұмыс істейтінін түсіну және өзгерістерге бейімделу қажет. Бұл бөлімде цифрлық әлемнің қыр-сырын ашатын, болашақ мамандықтар мен мүмкіндіктер туралы баяндайтын басылымдар жинақталған. Бұл кітаптар Сізге технологиялар тасқынында адаспай, жаңа мүмкіндіктерді сенімді меңгеруге көмектеседі.
1. Дхамани, Н. Генеративный искусственный интеллект [Текст] : как ИИ меняет нашу жизнь и работу : [12+]/Н.Дхамани, М. Энглер ; пер. с англ. Е. В. Жевлаковой. - Москва :Эксмо, 2025. - 379 с..
Авторлар ірі тілдік модельдердің қызмет ету қағидаттарын талдап, олардың мүмкіндіктерімен қатар шектеулерін де айқын көрсетеді. Жасанды интеллектіні күнделікті қызметке енгізу мәселелеріне баса назар аудара отырып, инновация мен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңыздылығын негіздейді. Кітапта жасанды интеллектінің әлеуетін барынша тиімді әрі қауіпсіз қолдану жолдары ұсынылған.
2. Қайранбай, М. Жасанды интеллект саласы бойынша мақала жазу құралы : оқулық / М. Қайранбай. - Алматы : Лантар books, 2023. - 81 б.
Кітаптың басты мақсаты - ғылыми тұрғыдан жоғары дәрежелі және халықаралық деңгейдегі мақалалар қалай жазылатынын өз ана тілімізде, яғни қазақ тілінде түсіндіру. Сонымен қатар, мақала жазу барысында Google Scholar, LaTeX сияқты құралдармен қалай жұмыс істеу керектігін де түсіндірілген.
3. Спабек, Е. М. Жасанды интеллект «Жасанды интеллект» кітабын жазды. Оқы. Ойлан. Зертте. Жаса. Сат : [кітап QR-код аудиовизуалды мазмұнымен қамтамыз етілген]. - Алматы : Orbital, 2024. - 124 б.
Жасанды интеллект жаңа технологиясының әлеуеті мен мүмкіндігін көрсететін еңбек. Кітап интерактивті форматта, яғни арнайы QR-кодтар арқылы қосымша материалдар қарауға мүмкіндік береді.
4. Пшинник, К. В. Искусственный интеллект: путь к новому миру : [12+] / К. В. Пшинник. - Москва : АСТ, 2025. - 253 с. : ил. - (Наука на пальцах).
Бұл еңбекте автор жасанды интеллект әлеміне қалай қадам басқаны жайлы жеке тәжірибесімен бөлісіп, ЖИ технологияның оның болашаққа деген көзқарасын қалай түбегейлі өзгерткенін баяндайды. Алғашқы тәжірибелік үлгілерден бастап, бүгінгі ChatGPT секілді озық нейрожелілерге дейінгі технологиялық даму жолын саралай отырып, жасанды интеллектің біздің тыныс-тіршілігімізді, бизнес саласын және еңбек нарығын қалай трансформациялап жатқанын айқын көрсетеді.
5. Харари, Ю. Н. Homo Deus: болашақтың қысқаша тарихы : [зерттеу] : [16+] / Ю. Н. Харари ; ауд. Е. Әбдіраман. - Нұр-Сұлтан : Ұлттық аударма бюросы, 2019. - 434 б. : түрлі-түсті сур. - (Рухани жаңғыру).
Адамзаттың цифрлық құдайға айналу ұмтылысы мен алгоритмдердің билігі туралы терең зерттеу.
6. Шваб, К. Төртінші индустриялық революция = The fourth industrial revolution : [оқулық] / К. Шваб ; ауд.: Н. Б. Ақыш, Л. Ә. Бимендиева, К. І. Матыжанов. - Астана : Ұлттық аударма бюросы, 2018. - 198 б. - (Рухани жаңғыру) (Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық).
Шығарма адамзаттың ортақ болашағы үшін алаңдайтын және революциялық технологияларды қоғам тіршілігіне икемдеуге ниетті жасампаз ортаға арналған. Жалпы айтқанда кітап цифрлық болашақты насихаттайды.
Мекен жайымыз:
Н. Оңдасынов көшесі, 2
Аудандық орталық кітапхана
Сымтетік:77-5-78
Электронды пошта: Otrar_kitap@mail.ru
© 2023 Ualihan.
All Rights Reserved.